НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге ата-аналардан жазғы каникул кезінде балаларына өздері жауапты екені туралы қолхат алуға тыйым салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жылда мұғалімдер ата-аналардан әртүрлі қолхат алатын дәстүр бар. Ол қаншалықты дұрыс? Ата-аналар онсыз да өз балалары үшін жауапты. Ешқандай қолхат қажет емес. Жаз айында мұғалімдер демалуы тиіс. Ата-аналардан "балаларымызға өзіміз жауаптымыз" деп қолхат алу – ойға қонымсыз мәселе. Оны тоқтауымыз қажет", - деді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.
Министр осы дәстүрді тоқтату үшін мектептерде тиісті шаралар қабылдануы керек екенін айтты.
Аймағамбетов жазғы демалыс лагерлерін ашу кезінде балалардың денсаулығы ең бірінші орында болуы қажеттігін атап өтті.
"Әр өңір эпидемиологиялық ахуалға сәйкес өзі шешім қабылдайды. Қауіпсіз болса ғана ашу қажет. Балаларды қалай болса да, сауықтыру лагерлеріне жіберу қажет деген мәселені ешкім қозғап отырған жоқ. Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылсын", - деді ведомство басшысы.
Оқи отырыңыз: Білім басқармасы 1-сыныпқа қабылдау тәртібін түсіндірді
Еске сала кетсек, 1-10 сынып оқушылары 25 мамырдан жазғы каникулға шықты. Соңғы қоңырау мерекесі биыл онлайн өтті.
Коронавирустың таралуына байланысты оқушылар төртінші тоқсанды толығымен қашықтан оқыған болатын.