Қоғам

Тоқаев митинг туралы заңға қол қойды

© Sputnik / Абзал КалиевМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бейбіт жиналыстарды өткізу үшін ұйымдастырушылар әкімдіктен рұқсат алмайды, тек алдын ала хабар беру жеткілікті

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.

14 мамырда парламент сенаты бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарған болатын. 20 мамырда төменгі палата құжатқа сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады.

Заңға сәйкес, енді бейбіт жиын үшін әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ, жергілікті атқарушы органға алдын ала хабар беру жеткілікті.

Митингтер әкімдіктер анықтайтын арнайы орындарда өтуі тиіс. Бейбіт жиын өткізуге арналған орын міндетті түрде елді мекеннің орталық бөлігінде орналасуы шарт.

Сонымен қатар, митингке қатысушыларға өз денсаулығын сақтау мақсатында жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға, соның ішінде бетін бүркемелеуге  рұқсат етіліп отыр.

Тыныс-тіршілік нысандары, көлік пен өзге де инфрақұрылым жұмысының бұзылуы, азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру сияқты себептер митингті өткізуден бас тартуға негіз бола алмайды. Себебі билік мұндай кедергілерді арнайы орынды белгілеу кезінде алдын ала ескеруі тиіс.

Тағы оқыңыз: "Жауыз қылып бітірдік": депутат митингте "адамдарды сүйреп әкететіндер" туралы айтты

Бұдан бөлек, бір адамдық пикеттерді үкіметтік ғимараттардың алдында өткізуге тыйым салынбаған.

Бейбіт жиындар туралы хабар берудің мерзімі де едәуір қысқарды.

Енді митинг немесе пикет өткізу үшін билікке бес күн бұрын хабарлау қажет. Ал жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.

Демонстрация немесе шеру өткізуді келісу туралы өтініш беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарды. Ал өтінішті қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне дейін азайды.

Бейбіт жиналысқа қатысып жатқан адам заңбұзушылық жасаса, ол бейбіт жиналысты тоқтатуға негіз болып табылмайды. Митинг кезінде қатысушы немесе қатысушылар тарапынан орын алған заңбұзушылық жойылса, митингті әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

Жаңалықтар
0