АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Алматыда Көксай шағын ауданындағы блок бекетте жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екінші полиция қызметкері көз жұмды, деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға бүгін таңғы сағат 6-да болды. 28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы BMW автокөлігі алдымен блок бекет қоршауына, содан кейін патрульдік көлікке соқтығысқан. Оқиға салдарынан 42 жастағы полицей Жалғас Жанғазиев жедел жәрдем келгенше көз жұмды.
"Оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аса ауыр халде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен, ол да есін жимастан көз жұмды", – делінген баспасөз хабарламасында.
Полиция мәліметтеріне сәйкес, BMW жүргізушісі мас болған. Қазіргі кезде оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқи отырыңыз: Алматы тұрғыны блок бекетті бұзып өтпек болды: полицей көз жұмды
Жанғазиев Жарас Сұлтанғазыұлы 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері қызмет еткен. Үйленген, екі қыздың әкесі.
Полиция сержанты Әбдіқанов Дастан Маратжанұлы 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2016 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет еткен. Үйленген, бір қыздың әкесі.