НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр — Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы шығарып, елордада мектеп түлектерінің соңғы қоңырауын өткізуге, сондай-ақ балабақшаларды шектеусіз ашуға тыйым салды.
Мамыр айының басында білім және ғылым министрлігі мектеп түлектері 3-4 маусымда аттестат алатынын хабарлаған еді. Барлық өңірдегі білім ордаларының әкімшілігіне салтанатты шараны әр мектептің ауласында өткізу тапсырылды.
Бірақ елорданың бас санитар дәрігердің қаулысымен қалада соңғы қоңырау өткізуге тыйым салынып отыр.
"Нұр-Сұлтан қаласының әкімі мен білім басқармасының басшысы адамдардың қатысуына байланысты мектеп және басқа да білім беру мекемелерінің түлектері үшін балдар, кештер, соңғы қоңырауларды өткізуге тыйым салу керек", - делінген Жанна Пірәлиеванің қаулысында.
22 мамырда қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова бірінші маусымнан бастап балабақшалар шектеусіз жұмыс істейді деп хабарлаған еді. Жаңа қаулыға сәйкес, кезекші топтардың жұмысын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі мекемелерінің қызметіне тыйым салынды. Яғни, әр топтағы баланың саны 15-тен аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, қала билігі білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуды, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін жүргізуді қамтамасыз етуі керек.