Қоғам

Карантин кезінде қазақстандықтар Ораза айт мерекесін қалай қарсы алады

© Sputnik / Абзал Калиев"Нұр-Астана" мешіті
Нұр-Астана мешіті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл карантинге байланысты Ораза айт намазы мешіттерде жамағатпен оқылған жоқ, Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Мұсылман қауымының ұлық мерекесі Ораза айт та келіп жетті. Биыл бұл мейрам коронавирустың таралуына байланысты жарияланған карантинмен тұспа-тұс келді. Сол себепті Ораза айт намазы алғаш рет мешіттерде жамағатпен оқылған жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында Ораза айт мейрамының тарихы мен оны қалай қарсы алу керектігін айтты.

Ораза айт мерекесі қалай пайда болды

Аманқұловтың айтуынша, Ораза айт күнін мереке ретінде атап өтуді пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиет еткен.

"Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезде, мәдиналықтардың өз мерекесі болған екен. Бірі көктемде, бірі күзде өткізілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы екі мерекені Алла Тағала олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндеріне ауыстырды деп айтқан сөзі бар. Өйткені Мәдинаға келгеннен кейін бүкіл жүйе өзгерді ғой. Мерекелер қайта қаралды. Сенім, көзқарас, дүниетаным өзгерді. Бұл мейрам осылай пайда болған", - деді басқарма өкілі.

Рамазан айында мұсылмандар ораза ұстап, ішіп-жеуден тыйылады. Өзін тақуалыққа, сабырлыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Сөйтіп, отыз күн ауыз бекіткен адам ораза бітісімен мереке өткізеді. Бұл да Ораза айт мейрамы.

Айт намазы жамағатпен оқылған жоқ

Аманұлов ислам дінінде кез келген мереке ғибадаттан, құлшылықтан басталатынын атап өтті. Сондықтан  Құрбан айтта да, Ораза айтта да күн шыққаннан кейін барлық мұсылман мешітке жиналып, айт намазын оқиды. Бірақ төтенше жағдайға байланысты биыл мешіттерде айт намазы жамағатпен өткізілген жоқ.

Тағы оқыңыз: ҚМДБ Ораза айтқа арнайы онлайн бағдарлама ұсынады

"Карантинге байланысты мешіттерде бес уақыт намаз тоқтатылды. Парыз болған жұма намазы оқылмай жатыр. Бізде, әдетте, айт намазына жұма намазынан да өте көп халық жиналады. Мүлдем намаз оқымайтын, жұма намазға қатыспайтын адамдарда "Ораза айтқа міндетті түрде бару керек" деген түсінік бар. Ауылдарда да, қалаларда кісі қарасы қалың. Бұл карантин талаптарына қайшы келетіндіктен, биыл айт намазын тоқтатуға тура келді", - деді діни басқарма өкілі.

Айтуынша, шариғат кітаптарында зәрулік жағдайды ескеріп, жамағатпен оқылатын намаздарды тоқтатуға рұқсат етілген. Себебі адамның денсаулығы мен өмірі әрдайым бірінші орында тұрады. Бірақ, айт намазы оқылмаса да, әркім өз үйінде нәпіл намазын оқуына болады. Оған ешкім тыйым салмайды.

"Әркім үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл намазын жеке оқып, мереке күнін осылай бастауына болады. Алайда ол айт намазы емес. Айт намазы оқылуы үшін екі шарт табылуы керек. Біріншісі, патша рұқсат еткен орында, яғни мешітте оқылуы тиіс. Екіншісі,  айтты өткізу үшін патша рұқсат еткен имам болуы керек. Бұл жерде екі шарт табылмай отыр. Сол себепті айт намазын үйде оқуға болады деп пәтуа айта алмаймыз", - деді ол.

Десе де, оның айтуынша, кейбір араб елдері айт намазын үйде оқуға рұқсат еткен. Орта Азия елдері Ханафи мәзһабын ұстанатындықтан, бізде айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес.

Айт күні ораза ұстамайды

"Айт күні ауыз ашық болады. Бірақ, күн шыққаннан кейін міндетті түрде  дәм татып алу керек. Өйткені пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде "ауызды ашып, айт намазына шығыңдар" дейді, Рамазан айының аяқталғандығының бір белгісі ретінде дәм татып алыңдар деген өсиеті бар. Айт күні ораза ұстаудың өзі дұрыс емес", -деп түсіндірді Аманқұлов.

Мейрамды қалай қарсы алған жөн

Діни басқарма өкілі Ораза айт мейрамында адамдар сауапты іс жасап, мерекені көңілді өткізуі керек екенін айтты.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда мешіттер мен дәмханалар ашылды – видео

"Мерекенің белгісі адам көңіл көтеруі керек. Жақындарына көңіл бөліп, мейрамды тойлап, қуанышта өткізгені жөн. Десе де, карантинді ескеріп, бір-біріне қонаққа бармағаны абзал. Мейрам күні бір-бірінің үйіне бару міндет болып саналмайды. Біз одан да міндеттірек болған намазды тоқтаттық. Қонаққа бармай-ақ, телефонмен хабарласып, хәл-жағдайын біліп, жылы сөздер айтуға болады. Көп болып жиналып, қыдырып, өз денсаулығын қатерге тігу, меніңше, дұрыс емес", - деді Аманқұлов.  

Ол мұсылман жамағатына Ораза айт күні өз жағдайына қарай дастархан жайып, мерекені отбасымен қарсы алуға үндеді. 

Жаңалықтар
0