Өңірлер

Алматыда 25 мамырдан бастап ашылатын нысандарға қандай талап қойылды

© Sputnik / Тимур БатыршинВиды Алматы
Виды Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жұмыс берушілер бір ай ішінде қызметкерлердің 10%-ін тексеруден өткізуі қажет. Ал базарларда әр 30 метр сайын санитайзер қойылуы қажет. Әрбір сатушы қолғап және бетпердемен жұмыс істейді

АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 25 мамырдан бастап ашылған нысандарға қандай талап қойылғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бекшиннің айтуынша, сауда үйлері мен халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызметкерлердің дене қызуы жұмысқа келген кезде өлшенетін болады. Сонымен қатар жұмыс берушілер қызметкерлерін коронавирус инфекциясына тексеруден өткізуі қажет.

"Әр нысанның есігінде бетпердесіз кіруге болмайтыны жазылған жарнама болуы тиіс. Үлкен нысандарда дезинфекциялау туннелін орналастыруды ұсындық. Сонымен қатар жұмыс берушілер бір ай ішінде қызметкерлердің 10%-ін ПТР тексеруден өткізуі қажет", - деді Бекшин.

Ал сауда үйлеріндегі дүкендерде сатып алушылар арасындағы арақашықтықты көрсететін таңбалар қойылуы тиіс.

"Жабық сауда орындарында, басқа да қызмет көрсету орталықтарында қызмет көрсету кезінде әлеуметтік арақашықтық таңбалары қойылуы керек. Сатып алушылардың арасында ең кемінде бір жарым-екі метр болуын талап етіп отырмыз", - деді Алматының бас санитар дәрігері.

Ал базарларда әр 30 метр сайын санитайзер қойылуы қажет. Әрбір сатушы қолғап және бетпердемен жұмыс істейді. Сатып алушылар да базар ішіне міндетті түрде бетпердемен жүруі керек.

Ал қоғамдық тамақтану орындарындағы адам санына шектеу қойылмайды, тек әр үстелде төрт адамнан артық бірге отыруға болмайды. 

"Қоғамдық тамақтану орындарына бірнеше талап қойып жатырмыз. Бір үстелдің басында төрт адамнан артық отыруға болмайды. Бұл бір отбасының мүшесіне қатысты емес. Екіншіден, үстелдердің аралығы екі метр болуы керек. 20, 30, 50 адам деп шектемейміз, арақашық екі метр болса, ол жерге 50-60 адам сияды. Әрбір дәмхана, мейрамхана иесі нормалардың сақталуын қадағалауы қажет", - деді Бекшин.

Жаңалықтар
0