АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Арнайы комиссияның Теңіз кен орнындағы жұмысы жалғасып жатыр, ол жерде 700-ден астам қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды Атырау облысының жедел штабы.
Комиссияны облыс әкімінің орынбасарлары Ержан Әбілханов пен Бақытгүл Хаменова басқарады, жұмыс тобына медицина қызметкерлері, эпидемиологтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, санитар дәрігерлер мен облыс әкімдігінің бас бөлімдерінің өкілдері кіреді. Олардың міндеті – Теңіздегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру.
Теңіз кеніші жабылуы мүмкін – Атырау облысына үкіметтік комиссия аттанды
Бақытгүл Хаменова мобильді бригадалардың санын 4-тен 10-ға дейін арттыруды тапсырды. Әр бригадада бес адамнан бар, олар кен орнында санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайды.
Кен орнында бірқатар заңбұзушылық тіркелген, деп хабарлайды жедел штаб. Мысалы, кейбір медициналық пункт COVID-19 жұқтырған науқастарды өз бетінше емдеген. Соның кесірінен пневмониядан зардап шегетін адамдар саны артып жатыр.
"Мобильдік бригадалар осындай іс-қимылдарды және санитарлық - эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайды", - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
21 мамырдағы жағдай бойынша Теңіз кен орнында Covid-19 жұқтырған адамдар саны 730-дан асады. 22 мамырда Қазақстан бойынша науқастардың саны 7 597 адамға жетті, 3 843 адам емделіп шықты, 35 науқас қайтыс болды.