Өңірлер

Қарағанды облысында карантин шарасы қайта күшейтілуі мүмкін

© Sputnik / Тимур БатыршинЛаборатория, в которой исследуют пробы на коронавирус
Лаборатория, в которой исследуют пробы на коронавирус - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Облыстың бас рентгенологы індетті өз бетінше емдеу аса қауіпті, сондықтан дереу оқшауланып, дәрігерге қаралған абзал дейді

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Қарағандыда вирус жұқтырғандар саны күрт көбейді. Бір тәулікте бірден 24 адам анықталған.

Қауіпті кесел қала маңындағы елді мекендерге де ауыз сала бастаған. Жағдай осылай жалғаса берсе, бұрынғы шектеулер қайта енгізіледі, деп хабарлайды "Хабар 24".

Қарағанды облысының бас рентгенологы Мұхтар Әбілдин COVID-19 жұқтырған науқастардың барлығының кеуде суретін жіті қарап шығады. Оның сөзінше, ауырғандардың барлығының өкпесінде ақ дақтар пайда болады екен. Індетті өз бетінше емдеу аса қауіпті. Сондықтан дереу оқшауланып, дәрігерге қаралған абзал дейді.

"Кей адамдар бұл індетті қаңтар-ақпан кезінде жұқтырып, ауырып алғанбыз деп ойлап жүр. Олар қатты қателеседі. Бұл бұрын болмаған вирус. Тіпті біз, радиолог, диагност мамандар бірінші рет көріп отырмыз. Өкпенің бұлай қабынуын 25 жыл еңбек өтілімде көрмегенмін. Вирус өкпені қысқа уақытта жылдам зақымдайды", - деп атап өтті облыстың бас рентгенологы Мұхтар Әбілдин.

Өңірде қазір карантиннің жеңілдетілгені рас. Тіпті қалааралық қатынас та қалыпқа келтірілді. Спорт нысандары ашылып, саябақтарда жүруге рұқсат берілген. Тек мамандар қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауды талап етеді. Алайда тұрғындар ең болмағанда бетперде киіп жүруді қажет көрмейтін сыңайлы.

"Көшеде, дүкендерде еркінсіп жүрген адамдарды көріп таңғаламын. Тұрғындар қорғанғысы келмейді. Қазір күн сайын 13,17, бүгін 24 адамнан індет анықталды. Осының бәрі салғырттықтың салдары", - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ирина Московка.

"Халық карантин аяқталды деп ойлайды": бас санитар дәрігер ескерту жасады

Ал облыстың бас санитары осыған дейін балабақшаларда кезекші топ ашу жоспарын кейінге қалдырғанын айтады. Тіпті автобустарға медициналық бетпердесі жоқ жолашыларды алмау туралы ескерту беріпті. Себебі Қарағанды облысында соңғы 3 күнде індет жұқтыру көрсеткіші тиісті саннан жоғарылап тұр дейді ол.

"Егер бір апта бойы індет жұқтырғандар саны өсім көрсетсе, онда біз карантин шарасын қайта күшейтеміз. Сондай-ақ ашылған нысандарды жауып, қалааралық автобустарды қайта тоқтатуға мәжбүр боламыз. Соңғы үш күн бойы ауру көрсеткіші 8,9 процентке жетті. Ал ол 7 проценттен аспауы тиіс еді", - деп ескертті облыстың бас санитар дәрігері Қанат Асқаров.

Әлі де жабық жатқан Теміртау індет жұқтыру көрсеткіші бойынша Қарағанды қаласынан да асып түсті. Онда COVID-19 жұқтырғандар жүзден асып жығылған. Сондай-ақ Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде де күшейтілген шаралар енгізілді. Облыста қатерлі індет жұқтырғандар саны 270-тен асып жығылған. Олардың 150-ден астамы сауығып шықты.

Жаңалықтар
0