НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр — Sputnik. Саржайлау көшесіндегі өрт бейсенбі күні таңертең болды. Бұл уақытта үйде ерлі-зайыпты екі баласымен бірге болған, деп хабарлады астаналық төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылардың ақпаратына сәйкес, түтінді сезген үй иесі отбасын есік арқылы шығарғысы келген. Алайда кіреберіс отқа оранғандықтан, бұл мүмкін болмады.
Сондықтан ол бала-шағасын терезе арқылы түсіру туралы шешім қабылдады.
Дәл осы уақытта үйдің маңынан қала тұрғыны Қанат Байболов өтіп бара жатса керек. Ол өртті көріп, үйге жақындаған. Балаларды терезе арқылы шығаруға тырысып жатқан ерлі-зайыптыны көріп бірден көмекке барды.
Үй иесі балаларды терезеден Қанатқа беріп, отбасы аман қалды.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жер үйдің шатыры мен кіреберісі отқа оранғанын көрді. Үйдің жалпы аумағы - 110 шаршы метр.
Өрт ауыздықталды. Себебі анықталып жатыр, зардап шеккендер жоқ.