АЛМАТЫ, 21 мамыр– Sputnik. "Теңізшевройл" ЖШС кен орнында жұмыс істейтін 935 адамның коронавирус жұқтырғанына қарамастан, кен орны өндірістік қызметін іркіліссіз жалғастырып келеді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне ТШО баспасөз қызметі хабарлады.
"Біз бұрынғыша өндірістік қызметтің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге назар аударамыз. Болашақ кеңею жобасының орындалу барысы 77%-ті көрсетеді және ТШО жобаны іске асырудың негізгі жұмыстарын қауіпсіз орындауға әрекет жасайды", - делінген компанияның мәлімдемесінде.
ТШО COVID-19 пандемиясының өндірістік қызметке әсерін барынша азайтып, қызметкерлердің денсаулығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдайтынын жеткізді.
Осылайша, Теңіз кен орнындағы барлық адамға оқшаулану, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска тағу және жеке гигиенаны сақтау секілді міндетті қатаң шаралар енгізілген.
"ТШО компаниясы барлық мердігерлік компания осы талаптарды ұстанады",- деп атап өтті "Теңізшевройл".
Бұдан басқа, ТШО COVID-19-ға талдау жасау процесін үнемі жетілдіріп отырады. Осы шаралар компанияда коронавирусты жұқтырғандарды алдын ала анықтап, тиісті ем алуға мүмкіндік беретінін айтты.
Оқи отырыңыз: Теңіз кеніші жабылуы мүмкін – Атырау облысына үкіметтік комиссия аттанды
"Теңіз кен орнының аумағында жұқпалы аурулар стационары ашылды. Ол жерде коронавирус инфекциясы жеңіл немесе ауру симптомдары жоқ науқастар мемлекеттік органдар бекіткен ережелерге сәйкес ем алып жатыр", - деп атап өтті компания.
ТШО-ның бірінші кезектегі міндеті – қызметкерлердің денсаулығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып саналады, деп хабарлады компания.
Теңіз кен орнындағы коронавирус індеті
20 мамырда "Теңізшевройлдың" 246 қызметкерінен коронавирус инфекциясы табылғаны анықталды, осылайша науқастардың саны 935 адамға жетті. Бұл уақытта Атырау облысында 816 адамның COVID-19 жұқтырғаны белгілі еді. Кейін аймақтың жедел штабы кен орнында инфекция жұқтырғандар саны облысқа қарағанда көп екенін хабарлады, өйткені оған бүкіл ел бойынша ТШО-ның ауырған жұмысшылары кірді.
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберілгенін мәлімдеді, оның нәтижесінде Теңіздегі жұмыс жоспары мен жұмыс кестесі қабылданды.
"Бұл әрекет Теңіздегі ауру жұқтыруды төмендетуге бағытталған. Қазір осы жоспардың орындалуына бақылау жасау қажет. Әйтпесе, бұл науқастар санының артуына, оқшаулануына, өндірістің өз еркімен жабылуына немесе мәжбүрлі түрде жабылуына алып келуі мүмкін", - деді ол.
Сондай-ақ, Есмағамбетова коронавирус ауруымен ауырғандар санының өсуінің тағы бір себебі инфекцияға тестілеу көлемінің артуы екенін хабарлады. Тестілеу кезеңі басталғалы 559 мыңнан астам тест алынды.