НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда екі баланы жанып жатқан көліктен құтқарған ер адам марапатталды.
17 мамырда астаналық Болат Иманбеков көліктен түтін шығып жатқанын байқаған. Көлікте бес және алты жастағы екі бала болған. Ер адам оларды өрт сөндірушілер келгенге дейін сәл ашық тұрған терезеден шығарып алған.
Балалардың анасы аз уақытқа дүкенге кіріп кеткені белгілі болды.
Өрттің алдын ала себебі – қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан маңында жолаушылар автобусы өртеніп кетті
Иманбеков төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың алғыс хаты мен естелік сыйлық алды. Марапатты ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Сәбит Битаев табыстады.
Бүгінгі таңда елордада көліктен шыққан 47 өрт тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37%-ке аз (2019 жылы – 75 жағдай). Көбінесе өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болады.
Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.