НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ұжымдарда коронавирус індетінің таралуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Теңіз кен орнында науқастар саны күрт өскен. Бүгінде ол жерде 935 оқиға тіркелді. Осыған байланысты Атырау облысына үкіметтік комиссия аттанды.
Оқи отырыңыз: Бас санитар Есмағамбетова қандай жағдайда қатаң карантин қайта енгізілетінін айтты
"Комиссия Теңіз кен орнында тиісті жұмыстар атқару жоспарын қабылдайды. Негізгі мақсат – коронавирустың таралуын төмендету. Қазіргі кезде осы жоспардың орындалуын бақылауға алу қажет. Әйтпесе, науқастардың саны көбейеді, оқшаулау шаралары күшейеді. Кәсіпорынды жабуға тура келеді", - деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.
Бас санитар басқа аймақтарда да ұжым ішінде коронавирус жұқтыру оқиғаларының бар екенін жеткізді. Мәселен, Шымкент қаласындағы "Петро Қазақстан Ойл Продакшн" ЖШС ұжымында 101 адам вирус жұқтырған. Мердігерлік компанияларда тағы 23 қызметкер ауырып қалды. Олар үйіне барып, вирусты 69 адамға жұқтырған. Ал Қарағанды облысында "Қазақмыс" компаниясының кеніштерінің бірінде 34 адам коронавирусқа шалдыққан.