НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр — Sputnik. Кеңес Одағы батырының ұлы, медициналық қызметтің генерал-майоры Талғат Нұрмағамбетов қайтыс болды.
Бұл ақпаратты "Генералдар кеңесі" республикалық қоғамдық бірлестігі растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"18 мамырда 68 жасқа қараған шағында сағат 19.20 шамасында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің зейнеткері, генерал-майор Талғат Нұрмағамбетов қайтыс болды. Ол Алматыда өз үйінде болды", - деді Генералдар кеңесінде.
Талғат Нұрмағамбетов ұзақ уақыт бойы онкологиялық аурумен ауырған.
Нұрмағамбетов Чернобыль атом электр станциясындағы апатты, Спитак жер сілкінісінен кейінгі зардаптарды жоюға қатысты және басқа да апатты жерлерде болды.
Оның әкесі – Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов.
Талғат Нұрмағамбетовтің өмірбаяны
Талғат Нұрмағамбетов 1952 жылы 27 қазанда Ташкентте дүниеге келген.
1969 жылдан 1973 жылға дейін Алматы мемлекеттік медицина институтында оқыды. 1973-1975 жылдары Томск мемлекеттік медицина институты жанындағы Томск әскери-медициналық факультетінің тыңдаушысы болды.
Оқу взводының командирі, мотоатқыштар полкінің медицина қызметінің бастығы, медициналық батальон командирі, Германиядағы Кеңес әскерлері тобының танк дивизиясы медицина қызметінің бастығы, әскери корпус медицина қызметінің бастығы, армияның медицина қызметінің бастығы қызметін атқарды.
1995 жылдан бастап медицина қызметінің генерал-майоры, 2000-2001 жылдары қорғаныс министрлігінің генерал-инспекторы болды.
Қызыл Жұлдыз орденімен, әскери қызметтегі ерекшелігі үшін 1-ші дәрежелі екі медальмен және Кеңес Одағының, Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің басқа да медальдарымен марапатталған.