Қоғам

"ҚазМұнайГаз" басшыларының жалақысы қысқарды

© Sputnik / Сергей Пятаков / Медиабанкке өтуГорода мира. Астана
Города мира. Астана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Басқарушы қызметкерлердің жалақысы 30 процентке, ал орта топтағы басқарушылардың еңбекақысы 20 процентке төмендейді

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басшылардың жалақысын қаншаға қысқартқанын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директор Дәулетжан Хасановтың айтуынша, коронавирус пандемиясы мұнай нарығына қатты әсер еткен. Шикізатқа деген сұраныс күрт төмендеді. Соның салдарынан "ҚазМұнайГаз" компаниясының қаржылық жағдайы қиындап кеткен.

Биыл бірінші тоқсанда табыстың көлемі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге азайған. Осыған орай компанияда дағдарысқа қарсы стратегия әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат – шығындарды барынша қысқарту және дағдарыстың салдарын төмендету. Орталық аппаратты оңтайландыруға шешім қабылданды.   

"Орталық аппарат қызметкерлерінің санын 34 процентке, 729 бірліктен 480 бірлікке дейін азайтуға шешім қабылданды. Басқарушы директорлардың саны қысқартылды. Осылайша, жалпы штаттың 249 бірлігі таратылды. Олардың 10 проценті еншілес компанияларға ауыстырылады. Қалған 90 проценті ҚазМұнайГаз жүйесінен кетеді", - деді Хасанов бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, жұмыстан кететін қызметкерлер үш айлықтың өтемақысын алады. Бұдан бөлек, алты ай бойы жалақының 50 проценті төленіп тұрады. Ал олардың туған-туыстары келесі жылдың ақпан айына дейін медициналық сақтандыруды қолдана береді.

Жалақысы көптің салығы өседі: министрлік Тоқаевтың ұсынысын ашық талқылауға уәде етті 

Орталық аппаратта еңбекақының көлемі да қайта қаралды. Сөйтіп, 12 мамырда қызметтік еңбекақылардың жаңа жүйесі бекітілген болатын.

"Оған сәйкес, басқарушы қызметкерлердің жалақысы 30 процентке, ал орта топтағы басқарушылардың еңбекақысы 20 процентке төмендейді. Қалған қызметкердің еңбекақысы өзгермейді. Басқарушы аппараттың бонустары мен сыйақылары да азаяды. Осылайша биыл компания басшыларының табысы 50 процентке төмендейді", - деп түйіндеді Хасанов.

Биыл жұмыстан кеткен қызметкерлерге өтемақы төленеді, сол себепті көп ақша үнемделмейді. Ал келесі жылы оңтайландыру шараларының нәтижесінде шамамен 5 миллиард теңге үнемделеді деген жоспар бар.

"Болашақта орталық аппаратқа адам алынбайды. Біздіңше, дағдарыстан кейін орталық аппарат шағын және икемді болуы керек. Сонда тиімді шешімдер қабылданады", - дейді Хасанов.

Жаңалықтар
0