НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Былтыр желтоқсан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік оппозиция институтын құруды тапсырды. Жуырда заң жобасы мәжілісте талқыланып, мақұлданды. Сенат қабылдап, президент қол қойса, парламентте көпшілікке қарсы пікір айтатын, көзқарасы мен ұстанымы бөлек оппозиция пайда болады. Sputnik Қазақстан белгілі саясаттанушылардан саяси азшылықтың құқықтарын заңмен бекітуге қатысты пікірін сұрады.
"Қазіргі парламентте оппозиция жоқ"
Белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, қазір саясаткерлер арасында парламенттің ішіндегі белгілі бір топ не белгілі бір фракция жасанды оппозицияның рөлін атқара ма деген алаңдаушылық бар.
"Шындығында қазір парламентте оппозиция жоқ. Оппозиция болатын партия да жоқ. Себебі осы уақытқа дейін парламент бір адамдай жұмыс істеп келеді. Ешқандай қарсылық, салыстырмалы түрдегі заң жобасы, ұсынылған заң жобасының талқанын шығарып, белгілі бір топтың қарсы шығуы деген болған емес. Бірақ, осы заңнан кейін жасанды түрде мұндай мәселе шықса, әрине, ол ойын болады", - деді ол.
Саясаттанушының пікірінше, қазіргі парламенттегі партияларға оппозицияның рөлін ойнауға рұқсат беріледі.
"Азат Перуашевтің баяндамасындағы парламенттік оппозиция мынадай болуы керек дегеннің бәрі заңда бар. Заңда кез келген депутат өзі заң шығарып, бастама көтеруге құқылы екені айтылған. Кез келген депутаттың шығарылған заңға қарсы пікір айту құқығы бар. Соның бәрін жинап келіп, бұл оппозицияға осындай құқық берілуі керек дегенін мен мүлде түсінген жоқпын. Себебі оның бәрі біздің заңымызда тұр. Бірақ, соны әлі күнге дейін ешкім жүзеге асырған жоқ", - дейді Дос Көшім.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жеті бірдей саяси партия тіркеуден өте алмады
Оның айтуынша, дәл қазіргі парламенттен оппозиция жасақтау әншейін бір ойын, халықтың көз алдындағы спектакль болып көрінуі мүмкін.
Сарапшы парламенттік оппозиция туралы заңның шығарылуын саяси реформаға жатқыза алмайтынын жеткізді.
"Билік нақты бір қадамдарға барғысы келіп отырған жоқ. Әйтпесе, сайлау туралы заңға қаншама сын айтылды. Олардың өзгертілетін жері кез келген адамға көрініп тұр. Оған бармай, оның орнына осындай алдамшы нәрселерді ұсынғанына қарағанда, менің ойымша, билік шын ниетімен саяси реформа жүргізуге құлықсыз сияқты", - деп санайды саясаттанушы.
Дос Көшім карантин кезінде саяси реформаларға қатысты заң жобаларының парламентте талқылануы дұрыс емес деп есептейді. Өйткені бұған қоғам белсенді араласуы керек, ал жүріп-тұру қиындаған шақта, бұл әзірге мүмкін емес. Сол себепті билік тоқтай тұруы керек еді, деп жалғастырды ол.
"Бұған байланысты бірнеше дөңгелек үстел, кем дегенде бес-алты теледидардан талқылаулар, пікірталас болуы керек. Содан кейін ғана олардың ішінен шыққан пікірлер іріктеле бастайды. Ондай нәрсені мен мүлдем көріп отырған жоқ", - деп қапаланды саясаттанушы.
"Халық "Ақ жол" партиясын оппозиция деп есептемейді"
Ал саясаттанушы Самат Нұртаза парламенттік оппозиция "Ақ жол" емес, басқа партия болғанын қалайды.
"Себебі "Ақ жол" партиясы Қазақстан қоғамында оппозицияшыл емес, центристік, яғни орта көзқарастағы партия ретінде қалыптасты. Оның үстіне, Азат Перуашев болсын, соңғы сайлауға қатысқан Дания Еспаева болсын, халық оларды керемет бір оппозиционер деп есептемейді. Сондықтан, менің ойымша, бұл жерде басқа партия керек немесе "Ақ жолдың" басшылығына басқа адамдар келуі қажет", - деп санайды сарапшы.
Тағы оқыңыз: Сенат митинг туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды
Оның ойынша, парламенттік оппозицияда Азат Перуашевтің болуы көп адамға жасанды оппозицияны еске салады.
"Бізде оппозиционер көп, бірақ солардың басы қосылмай жатыр. Кейбірі бірін-бірі жамандайды, сатқынсың, биліктің адамысың деп айыптайды. Сондықтан да, менің ойымша, билік пен оппозиция қосылып, қарапайым халықтың өмірін жақсартуы керек. Оппозиция деген тек жамандау емес, оппозиция бір мін тауып, билік сол мінді түзетсе, екеуінің жұмысы нәтижесінде халық жақсы өмір сүреді. Сол себепті оппозицияға халыққа бүйрегі бұратын, халықты ойлайтын адамдар келуі керек деп санаймын", - деді саясаттанушы,
Самат Нұртаза "Ақ жол" партиясы туының астына бүкіл оппозиция жинала қалады деген бұл утопия, өтірік нәрсе деп есептейді.
"Ақ жол" партиясы қоғамға керемет әсер етті деп ауыз толтырып айта алмаймыз", - дейді ол.
Осы жылдың 6 мамырында мәжіліс парламенттік оппозиция туралы заң жобасын мақұлдады.
Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеухан партия құрмақ болған келініне қатысты пікір білдірді
Оған сәйкес, парламенттік оппозицияға бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау, парламенттік сессияда кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін белгілеу, оппозиция келіспейтін үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу құқығы беріледі.
Сонымен қатар, мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы тек оппозиция депутаттарының арасынан сайланады. Мәжілістің екі тұрақты комитетінің хатшыларын да парламенттік оппозиция ішінен сайлау ұсынылып отыр.