НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Ресейде коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек ретінде зерттелген "Мефлохин" препараты пациенттердің 70%-іне бір аптада аурудан арылуға көмектесетіні анықталды, деп хабарлады РИА Новости.
Бұл алдын ала мәлімет, "Мефлохинді" зерттеу жалғасып жатыр, деп мәлімдеді Федералды медициналық-биологиялық агенттіктің (ФМБА) басшысы Вероника Скворцова.
"Қазір біз ФМБА орталықтары базасында "Мефлохинді" басқа вирусқа қарсы препараттармен салыстыра отырып клиникалық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Орташа ауыр дәрежедегі пациенттерді емдегенде белгілі бір артықшылықты байқадық. Осы препаратты қолданғаннан кейін науқастардың кем дегенде 70%-нің жағдайы тұрақты түрде жақсарып жатыр", - деді Сковорцова баспасөз конференциясында.
Оқи отырыңыз: Ер адамдар коронавирусты жиі жұқтырады – ғалымдар себебін анықтады
Агенттік басшысы бұл зерттеулер әлі де мұқият статистикалық өңдеуді қажет ететінін атап өтті.
Мефлохин – безгектің алдын алуға немесе емдеуге қолданылатын дәрі.
Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде 250 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 53 мыңнан астамы сауығып, 2 305 адам қайтыс болды.
Жазда ресейлік ғалымдар COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.