НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Алматы облысында полиция ауыл тұрғынына пышақпен шабуыл жасап, көлігін айдап кеткен күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 14 мамырда республикалық Алматы – Өскемен тас жолында тіркелген. Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылының маңында белгісіз ер адам жолшыбай көлікті тоқтатып, жүргізушіге шабуыл жасаған. Қаскөй рөлдегі адамға бірнеше рет пышақ сұққан.
Жараланған жүргізуші ауруханаға жатқызылды, ал полицейлер күдікті мен көлікті іздеу жұмыстарына кірісті.
"Бірнеше сағаттан соң автокөлік Сарыөзек ауылынан табылды. Әрі қарай жедел шаралар барысында біздің қызметкерлер Алматының 22 жастағы тұрғынын анықтады. Келесі күні ол Үштөбе қаласында ұсталды. Күдікті кінәсін мойындады", - деді Кербұлақ аудандық полициясының басшысы Ербол Айтқалиев.
Қазіргі таңда қылмыстық тергеу басталды, қажетті сараптамалар белгіленді.
Қылмыс жасады деген күдікке ілінген алматылық қамауға алынды.