АЛМАТЫ, 14 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында Төле би, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарының ауылдары су астында қалды. Бұл жайында брифингте Түркістан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Түркістан облысында екі күннен бері жаңбыр жауып тұр. Төле би, Қазығұрт және Бәйдібек ауылдары су астында қалды. Түнде 40 мм астам жауын-шашын түсті (бір айлық нормадан сәл аз –Sputnik)", - деді Сәкен Қалқаманов.
Жауын салдарынан сегіз бас мал су астында қалды, тұрғындар аман. Су тасқыны салдарын жою бойынша аудандық штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр.
"13 мамырда Төле би ауданы Қасқасу ауылдық округінде Қасқасу ауылында жауын салдарынан Қасқасу өзені тасып, ауыл ішінде жергілікті маңызы бар төрт көпірді шайып кетті. Сондай-ақ, төрт үйді, 376 ауланы су басты. Атап айтқанда, Леңгір қаласында 20, Екпінді ауылында 28, Ынтымақ ауылында 28 аула аймағын су басты", - деді Қалқаманов.
Сонымен қатар Сұлтан Рабат ауылында 129 ауласында су басуға байланысты 70 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"70 тұрғын Леңгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжге ішінара эвакуацияланды. Оның ішінде 32 бала бар. 80 адам туыстарының үйіне кетті", - деді ол.
Сондай-ақ, Қазығұрт ауданында да бірнеше аула аумағын су басып, тұрғындар эвакуацияланды.
"Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық округінде Қаржан елді мекенінде екі аула аумағын, емхананың іргесін, Жігірген ауылдық округі Айнатас елді мекенінде төрт ауланы су басты. Төтенше жағдай департаментінің қатысуымен Сабыр Рахымов ауылдық округі Көкбел ауылына 133 адам эвакуацияланды, оның ішінде 45 бала бар", - деді әкім орынбасары.
Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округіндегі тұрақты каналда судың төгілуі салдарынан Қаратас, Боралдай елді мекенінде 13 аула аймағын су басты. Аймақтан 55 адам, оның ішінде 18 бала Ақбастау елді мекеніне Уәлиханов атындағы орта мектепке эвакуацияланды.
Облыста ең қатты зардап шеккен Төле би ауданы. Бұл ауданға облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев келіп, штаб жұмысымен танысты.