Қоғам

Төтенше жағдай кезінде президенттің өкілеттігін кеңейтетін заң қабылданды

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Заң жобасында төтенше жағдай кезінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу тетігі белгіленіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Сенат төтенше жағдай кезінде президентке қосымша өкілеттік беретін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысының өкілеттігін кеңейтетін норма төтенше жағдай туралы заң жобасында көзделген.

Заң жобасы президенттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы жарлығын орындау мақсатында әзірленді.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов заң жобасының мақсаты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай кезінде жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік беру екенін атап өтті.

Құжатта төтенше жағдай кезінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу тетігі белгіленіп отыр. Ол үшін "Төтенше жағдай туралы" және "Құқықтық актілер туралы" заңдарға түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар, заң жобасымен төтенше жағдай кезінде президенттің өкілеттіктері кеңейтіліп отыр. Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттің ұлттық, соның ішінде экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақтылығын сақтауға бағытталған шұғыл іс-қимылды талап ететін қоғамдық қатынастарға жедел араласа алады.

Оқи отырыңыз: Президент төтенше жағдайдан кейін қандай өзгеріс болатынын айтты

Қазақстан президенті актілерінің негізінде салық, бюджет, кеден, банк, еңбек заңнамасының, монополияға қарсы заңнаманың, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы, азаматтарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік саласындағы, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік бақылау және қадағалау, елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру мәселелері бойынша заңнаманың қолданылу ерекшеліктері белгіленеді.

Төтенше жағдай кезінде қабылданған құқықтық актілер режим аяқталғанға дейін күшінде болады. Олардың қатарына өзге қолданылу мерзімі белгіленген актілер кірмейді.

Жаңалықтар
0