НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Мұсылман қауым үшін қасиетті санаталын Рамазан айында адамдардың бір-біріне көмектесуі мол сауап саналады. Пандемиямен байланысты шектеулер кезінде де мұсылмандар игі істерден бас тартпайды.
Sputnik Қазақстан Мәскеудегі әртүрлі ұйымдардың көмекке мұқтаж адамдарға қандай көмек көрсеткенін назарларыңызға ұсынады.
Бірнеше ұйыммен бірлесе атқарады
Мәскеудегі қазақ диаспорасы қоры бірнеше басқа ұйымдармен бірлесе отырып қайырымдылық көмек көрсетуде.
"Жақында бір қайғылы жағдайға байланысты тәжік диаспорасы көмек сұрады. Анасы қайтыс болып, төрт бала жетім қалыпты. Ал әкесі шекара жабық болғандықтан Тәжікстаннан ұшып кете алмаған", – дейді қордың орталық басқарма төрағасы Полат Жамалов.
Ол Рамазан айынан тыс кезде де үздіксіз көмек көрсетілетінін айтады. Алайда, барлық қызметтер карантиндік шараларға байланысты жүзеге асырыла бермейді.
"Біз бірнеше жылдан бері балалармен жұмыс істейтін "Алтуфьево" әлеуметтік мекемесімен әріптестік орнатып келеміз. Әркез ойыншықтар әкеліп, қайырымдылық кештерін өткізіп, балалар мерекелерін ұйымдастырып тұрамыз", – дейді Жамалов.
Көмек Рамазан айымен шектелмейді
Орталық Азия елдерінен Ресейге келіп, көмекке мұқтаж болған жандар үшін негізгі қажеттіліктерді жинау мен жеткізіп беру ұйымдастырылып тұрады. Ол Ресейдің еуропалық бөлігіндегі мұсылмандар діни басқармасының "Зекет" қоры мен әр елдің осындағы елшіліктері және қайырымдылық қорлар арқылы жүзеге асырылады.
"Біз қызметтік көліктермен көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткіземіз. Азық-түлік себетінің ішінде: жарма, сүт, жұмыртқа, май, көкөністер мен басқа да азық түрлері бар", – дейді Тәжікстан елшілігінің өкілдері.
Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі көмек тек Рамазан айында ғана емес, күн сайын мұқтаж адамдарға көрсетілетінін айтады.
Студенттер үшін тегін тамақ ұйымдастырылады
Әр кеш сайын Мәскеудегі жоғарғы оқу орындарының өзбек студенттері "Бүкілресейлік өзбектер мен өзбекстандықтардың конгресі" еріктілерінің ұйымдастыруымен ыстық ас ішеді. Ақысыз тамақтандыру "Жоғары экономика мектебі" мен Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінде және Ресейдің халықтар достығы университетінде жүргізіледі.
"Біз студенттерге ғана емес, еңбек мигранттарына да көмектесеміз. Қазіргі кезде күніне мыңға жуық адамға түскі ас ұсынып келеміз", – деді конгресс төрағасы Ибрагим Худайбердиев.
Оқи отырыңыз: Мешіттер түскен садақа мен қайырымдылық көмек туралы есеп беруге міндеттеледі
Оның айтуынша, еріктілер күн сайын жеке көлігімен, кейбіреулері таксимен 18.00-19.00 аралығында мекен жайларға ыстық тамақ жеткізеді. Тізімдер үнемі толықтырылатындықтан, қазір олардың саны 3,5 мың адамға жеткен.
"Бізде шамамен 20 ерікті жұмыс істейді: біреуі тамақ дайындаса, енді бірі тасымалдайды. Ас мәзірінің ішінде палау, салат, құрма, алма, нан, су сияқты тағам түрлері бар", – дейді Худайбердиев.
Қаржылай көмек те көрсетіледі
Сонымен қатар, Ресейде тұратын өзбектер Рамазан айының құрметіне біржолғы қаржылай көмек алады.
Мәскеудегі өзбек елшілігінің хабарлауынша, қаражат мүгедектерге, екі жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге және жүкті әйелдерге, сондай-ақ Ресей университеттерінің студенттері мен COVID-19 диагнозы қойылған адамдарға төленеді.
Төлем Ресейдегі ең төменгі жалақы мөлшеріне сәйкес келеді және ол шамамен 12 мың рубльді құрайды. Мұндай көмек елшіліктің шотына түскен меценаттардың қайырымдылық қаражаты есебінен үлестіріледі.