Қоғам

Балабақша мен мектепке қабылдауға қатысты өзгерістер жарияланды 

© Sputnik / Тимур БатыршинДень города в Алматы
День города в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр баланы балабақшаға кезекке қою және бос орындарды тарату процесі жүйеге келтірілетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру туралы айып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.   

"Білім беру ұйымдарына құжат тапсыру үшін біраз уақыт жұмсау қажет болатын. Ол үшін көптеген анықтамаларды жинап, басқа мемлекеттік органдардан құжаттарды алып, оларды апарып беру сынды бірқатар кезеңдерден өту қажет еді. Мұндай процесс өте ыңғайсыз екені түсінікті. Біз бұл жағдайды өзгертіп жатырмыз", - деп жазды Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.  

Осы орайда министр балаларды балабақшаға қабылдау тәртібін түсіндірді. Енді ата-аналар кезекке қою қызметін тек білім беру бөлімінің кеңсесі арқылы ғана емес, сондай-ақ өз бетімен "Азаматтарға арналған үкімет" бөлімдері немесе "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асыра алады. Көп құжат жинау қажет болмайды. Ал кезекке тұрғандардың арасында басымдық ең алдымен педагогтердің балаларына және мүгедек баласы бар отбасылардың бүлдіршіндеріне беріледі. 

"Егіз балалары, үшемдері бар отбасылар балаларын бір балабақшаға беру бойынша қиындыққа тап болатын. Енді мұндай ата-аналардың бір баласына белгілі бір балабақшадан орын тиген жағдайда, барлық балалары да (егер тағы орын болcа) сол балабақшаға жолдама алады", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.   

Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдардағы бос орындарды тарату процесі жүйеге келтірілді. Бұған дейін арнайы санаттағы балалар қабылданғаннан кейін, үш күн өткен соң, кезекте тұрғандардың барлығына бірдей жаңа орындарды алу мүмкіндігі ашылса, енді орындар кезекте бірінші тұрған 1 000 өтініш берушіге ашылатын болады.

Мектепке қабылдау процесі қалай өзгереді

Келесі жылдан бастап бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау маусымда емес, 1 сәуірде басталады және 1 тамызға дейін жалғасады.  

"Мұндай өзгерістер не үшін қажет? Біріншіден, бұл  – ата-аналар үшін ыңғайлы. Олар мектепті алдын-ала анықтап, оқуға түсу үшін қажетті құжаттарын мектеп ұжымы немесе өздері еңбек демалысында болған уақытта емес, одан ертерек тапсыра алады", - дейді Аймағамбетов.  

Мектеп әкімшілігі болса, өз жұмысын алдын ала жоспарлайды. Сыныптарды дайындайды, оқулықтарға тапсырыс береді, сағаттарды бөледі. Жалпы, оқу жылына жан-жақты дайындалуға мүмкіндік болады.

"Енді ата-аналар балаларының мектепке баруын алдын ала жоспарлап, нақты білім беру ұйымын анықтауы қажет және керек құжаттарды уақытында тапсыруды үйренуі маңызды. Естеріңізге сала кетсем, енді осы үдерістердің барлығы толығымен автоматтандырылады және "Электрондық үкімет" арқылы қолжетімді болады. Үйде отырып, уақыт пен басқа да ресурстарды шығындамай-ақ, портал арқылы 1-сыныпқа қабылдау туралы өтініш беруге болады", - деді Аймағамбетов. 

Оқушыларды бір мектептен екіншісіне ауыстыру процесі де автоматтандырылады. Осы жұмысты жақын арада аяқтау жоспарланған.

Ал биылдан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылдау автоматтандырылған режимде қолжетімді. Мектеп түлектеріне құжатты қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Оны колледж бен ЖОО-ның сайты арқылы, я болмаса, "Электрондық үкімет" порталы арқылы жіберуге болады.

Жаңалықтар
0