НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы халықаралық әуежайын реконструкциялау жоспарымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.
TAV Airport Holding түрік компаниясы бас директорының орынбасары Серкан Каптан жаңа терминал құрылысы туралы айтып берді.
"Жоба құны 150 миллион еуро. Терминалдың жалпы аумағы - 55 мың шаршы метр. Жылына 6 миллион жолаушы қабылдайды. Терминал 2022 жылдың 2 тоқсанында ашылады деп жоспарланып отыр", - деді Каптан.
Тоқаев қайта жөндеу жұмысы аяқталған соң Алматы халықаралық әуежайы Орталық Азиядағы ірі авиациялық хабқа айналатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысында салынатын ұзындығы 784 метрлік көлік жолайырығы құрылысының жобасымен танысты.
Президенттің айтуынша, аталған жоба қала жолдарындағы кептелісті азайтуға және тұрғындардың тіршілігіне қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға барды.