НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Республикада төтенше жағдайдың аяқталғанына қарамастан мешіттер жабық күйінде қалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Төтенше жағдайдың аяқталғанына қарамастан, Қазақстандағы мешіттер әлі ашылмайды. Ораза айт мерекесіне дейін елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, біздің мешіттеріміз есігін айқара ашады деп үміттенеміз. Ал қазірше шешім қабылданған жоқ", – делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Sputnik Қазақстан редакциясына берген жауабында.
Ораза айт қашан басталады
2020 жылы Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға тура келеді. Бұл мереке бүкіл мұсылман үмбеті үшін қасиетті ай Рамазанның аяқталғанын білдіреді.
Коронавирус эпидемиясына байланысты Қазақстанда тарауық намазы (Рамазан айында парыз болған құптан мен таң намазының арасында оқылатын намаз) мешітте жамағатпен бірге оқылмайды.
Мешіттер мен асханаларда, қоғамдық орындарда ұжымдық ауызашаралар уақытша өткізілмейді.
Айта кетейік, Қазақстандағы төтенше жағдай 16 наурыздан 11 мамырға дейін созылды. Ал қалалар мен аудандарда карантин сақталады.
Оқи отырыңыз: Бекшин Рамазан айында ауызашар бергісі келетіндерге кеңес берді
Адамдар көп шоғырланып, коронавирус жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан діни мекемелер жабылды.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда карантин режимі маусымға дейін созылып, кейін біртіндеп жеңілдетілетінін айтқан болатын.