Қоғам

Енді ұшақ жолаушыларынан коронавирус анықтамасы талап етілмейді

© Photo : Аэропорт Алматы/Елена СергиенкоҰшақ бортындағы жолаушылар
Ұшақ бортындағы жолаушылар - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Он бірінші мамырдан бастап әуе жолаушылары коронавирусқа ПТР тест тапсырмайды, бірақ маска режимі сақталады

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. 11 мамырдан бастап Қазақстанда ұшақ жолаушыларынан коронавирус табылмағаны туралы анықтама талап етілмейді. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

1 мен 10 мамыр аралығында әуежайларға қонған ұшақ жолаушылары, әуежай қызметкерлері мен әуе кемелерінің экипажы арасында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар тіркелген жоқ, деп мәлімдеді Байғабылов.

"Осыған байланысты 11 мамырдан бастап жолаушылар, әуежай қызметтерінің өкілдері мен экипаж үшін Covid-19 инфекциясына ПТР тесттен міндетті түрде өту талабы алынып тасталды", - деді көліктегі бас санитар дәрігер.

Дегенмен, әуежайларда әлеуметтік ара қашықтық пен маска режимін сақтау қажет. Жолаушылардың дене қызуы тексеріледі, ал шығарып салушылар терминал ғимаратына кіргізілмейді.

Егер жолаушының, әуежай немесе әуе компаниясы қызметкерінің температурасы, жөтелі немесе демікпесі бары анықталса, олар әуежай ғимаратына және ұшақ бортына кіргізілмейді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынып тасталды

4 мамырда Қазақстанның авиация әкімшілігі ұшаққа отырар алдында коронавирусқа ПТР анализін тапсырғаны туралы міндетті анықтаманы алып тастауды ұсынды.

Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова бұл ұсынысты қарастыруға уәде берді, бірақ жабық кеңістікте инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 8 мамыр күні "Хабар 24" телеарнасының эфирінде ұшар алдында COVID-19-ға тест тапсырған он қазақстандықтан коронавирус табылғанын мәлімдеген еді.

Жаңалықтар
0