НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табыс салығын кірістің көлеміне қарай өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тоқаевтың пікірінше, әлеуметтік әділеттілік орнату үшін жалақы және басқа да кірістерге қатысты жеке табыс салығының үдемелі шкаласын енгізетін уақыты келді.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты Ұлттық қордың ақшасына алаңдаушылық білдірді
"Оның негізгі мәні мынада, төмен жалақы алатын азаматтар салықты аз төлейді, ал жоғары жалақы алатын жұмысшылар үшін салықтың көлемі артады", - деді Тоқаев төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.
Президенттің ойынша, табысы төмен адамдар салықты аз төлесе, ресми түрде көбірек тіркеледі. Ал осы санаттағы адамдар аз емес. Олардың барлығы "көлеңкеден" шықса, жалақыны конвертпен беру азаяды. Ал, ең бастысы, ондай адамдар әлеуметтік жағынан қорғалады.