НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов соңғы қоңыраудың қалай және қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Оқу жылының соңына дейін 3,3 миллион оқушы мен 1 миллион студентке қашықтан білім беру жұмысы жалғасады. Аттестатты тапсыру және соңғы қоңырау мектептерде 3-4 маусымда ашық аспан астында өтеді. Адамдардың саны шектеулі, ал санитарлық нормалар қатаң сақталады", – деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу штаттық режимде 20 маусымда басталады. Респбулика бойынша 168 тест тапсыру пункті болады. Ол жерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталады.
Оқи отырыңыз: Министрлік биыл оқушылар жазғы демалысқа қашан шығатынын хабарлады
Еске сала кетсек, бұған дейін білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова соңғы қоңырау шарасын өткізуге қатысты пікір білдірді. Ол БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында "егер жағдай өзгермесе, соңғы қоңырау болмайды" деп мәлімдеген еді.