Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз?

© Sputnik / Anatoliy Egorov / Медиабанкке өтуЖенщины-бойцы выпускают боевой листок
Женщины-бойцы выпускают боевой листок - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жеңіс күнінде Sputnik Қазақстан неміс басқыншыларымен шайқасқан қазақ қыздарының ерлік істері туралы әңгімелейді. Оқырмандар олардың өмірбаяны туралы кейбір мәліметтермен таныс болмауы мүмкін  

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Қазақ әйелдері фашистік Германияны жеңуге үлкен үлес қосты. Олардың  кейбіреулерінің есімі бүкіл елге танымал болса, басқаларының ерлігін, өкінішке қарай, жұрт біле бермейді.

Пулеметші Мәншүк Мәметова

Пулеметші Мәншүк Мәметова (шын есімі – Мәнсия) –  Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ әйелі.

© Sputnik / С. Кирьяков / Медиабанкке өтуКеңес Одағының батыры аға сержант Мәншүк Мәметова
Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Кеңес Одағының батыры аға сержант Мәншүк Мәметова

1922 жылы Батыс Қазақстан облысының Жиекқұм ауылында дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысы кезінде Калинин майданы 100-ші жеке атқыштар бригадасының пулеметшісі болды. 1943 жылдың қазан айында Невель қаласын азат ету үшін болған кескілескен шайқастарда басынан ауыр жараланды.

"Аға сержант Мәметова Мәншүк соңғы күшін жинап,   пулеметімен оқ жаудырып, фашистерді кері шегінуге бірнеше рет мәжбүр етті. Біздің бөлімшелеріміздің  алға жылжуына жағдай жасады", - деп жазылған марапаттау парағында.

Жарақатына қарамастан, ол 70-тен астам жау әскерін жойып, ерлікпен қаза тапты. Қыз небәрі 20 жаста еді. Невельде жерленді.  

Мерген Әлия Молдағұлова

 Әлия Молдағұлова деп көрсетіліп жүрген қысқа шашты қараторы сұлудың суретін музейлерде, пошта маркаларында және тіпті "Мәңгілік даңқы" шеруінде кездестіруге болады. Алайда бұл фотода Кеңес Одағының Батыры емес, қырғызстандық актриса Айтұрған Темірова бейнеленген деген пікір бар. Ол дәл осыдан 35 жыл бұрын "Мергендер" фильмінде ержүрек қазақ қызының рөлін шебер ойнаған болатын.

"Шынымды айтсам, Әлия Молдағұлова екеуміз бір-бірімізге қатты ұқсаймыз, сондықтан суреттегі мен бе, Әлия ма, 100% дөп басып айта алмаймын. Дегенмен оның сирек кездесетін фотосуреттерін көрсеткен кезде, қатты таңғалғаным есімде. "Әскери киіммен қашан суретке түсіп едім?" деп ойланып қалдым. Көптеген жыл өтті, сондықтан бізді енді ешкім айыра алмайтын сияқты", - деді актриса Sputnik Қазақстанға.

Марқұм режиссер Болотбек Шамшиев көзі тірісінде Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында түсірілімді бастамас бұрын, батыр қыздың қабірін көрген Новосокольники ауылының тұрғынымен кездескенін айтқан болатын. Ол әйелге бірнеше фотосуретті көрсетіп, Молдағұловаға көбірек ұқсайтын суретті таңдауын өтінген. Ауыл тұрғыны Айтұрған Темірованы көрсеткен.

© Sputnik / Галина Кмит / Медиабанкке өту"Мергендер" фильмінен кадр, Әлия Молдағұлованың рөлін Айтұрған Темірова сомдады
Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
"Мергендер" фильмінен кадр, Әлия Молдағұлованың рөлін Айтұрған Темірова сомдады

Алия Молдағұлованың көптеген түпнұсқа фотосуреті бізге жетпеген. Сирек кездесетін архивтік мәліметтерді Ақтөбе қаласындағы облыстық мемориалды музейінен табуға болады.

Молдағұлова қаза болғаннан кейін 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ұрыста ол жаудың 78 солдаты мен офицерін жойды. Қыз 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының Новосокольнический ауданындағы Казачиха ауылына шабуыл кезінде қаза тапты.

Ұшқыш Хиуаз Доспанова

Хиуаз Доспанова – "түнгі мыстандар" деген лақап атты иеленген бомбалаушылардың аты аңызға айналған әйелдер полкінің ұшқышы.

1922 жылы Атырау облысының Ганюшкино ауылында дүниеге келген.

Соғыстағы құрбылары оны Катя деп атаған – соғыс жылдарында 300-ден астам рет ұшқан.

"Түнгі мыстандар" нысанаға белгілі бір қашықтықта ұшып барып, қозғалтқышты өшірген. Фашистер оларды байқағанға дейін бомбаларды тастап үлгеретін. Тек лақтырған сыпырғыштың дауысына ұқсас шу естілетін болған.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Доспановаға 2004 жылы "Халық қаһарманы" атағын берді, бұл Қазақстандағы ең жоғары марапат. Төрт жылдан кейін Доспанова дүниеден озды.   

Халида Маманова – Сталинге ультиматум қойған қазақ қызы

Халида Маманова айыптылар батальонында (штрафбат) соғысқан жалғыз қазақ әйелі болып саналады. Оның отбасына "кулак" қамыты кигізіліп, бойжеткен халық жауының қызы деп жарияланды.

© Sputnik / Абзал КалиевАйыптылар батальонында соғысқан жалғыз қазақ әйелі Халида Маманова
Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Айыптылар батальонында соғысқан жалғыз қазақ әйелі Халида Маманова

"Соғыс басталғанда ол майданға сұранды, бірақ оның қолына қару емес, халық жауының қызы ретінде күрек берілді. Оған жертаса қазып, солдаттарды жерлеуге ғана рұқсат берілетінін айтқан", - деді Қазақстан Қарулы күштері әскери-тарихи музейінің экскурсия жетекшісі.

Халида Маманова Сталинге хат жазып, өзін айыптылар ротасына жіберуді сұрады.

"Егер мен тірі қалсам, маған және менің туыстарыма тағылған барлық айыпты алып тастаңыз", - деп жазды ол.

© Sputnik / Абзал КалиевХалида Маманованың Сталинге жазған хатының үзіндісі
Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Халида Маманованың Сталинге жазған хатының үзіндісі

Халида Маманованың Сталинге жазған хатының үзіндісі елордалық музейде сақтаулы тұр.    

Партизан-радиошы Нұрғаным Байсейітова

Нұрғаным Байсейітова Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында туған, соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданға өз еркімен сұранды, ол небәрі 18 жаста еді.

"Әскери комиссариатта кезекші офицерлер госпитальда да жұмыс жеткілікті екенін айтып, қызды райынан қайтарғысы келеді. Бірақ ол қайтпас қайсар болатын. "Егер бәрі тылда қалса, біз немістерді ешқашан жеңе алмаймыз" деген бір ғана дәлелі болды", - деп еске алды Байсейітованың шөбересі Арнур Азанғалиев.  

Фашистік басқыншыларға қарсы күресте Беларусь партизандарының қатарында Отан алдындағы жауапты тапсырманы үлгілі орындағаны үшін Байсейітова Қызыл Жұлдыз орденімен, "Әскери еңбегі үшін", II дәрежелі "Отан соғысының партизаны" медальдарымен марапатталды.

Жаудан кек алушылардың қатарында Қызылорда облысынан шыққан Тұрғаш Жұмабаева мен павлодарлық Жамал Ақаділова да жан аямай шайқасты.

Жаңалықтар
0