НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр — Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ресейлік танымал топтың алдағы концерті туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова "Ласковый май" тобының концертін және басқа бұқаралық іс-шараларды өткізуге рұқсат беріпті-міс.
"Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Барлық ақпаратты денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан алуға болады, деп қосты ведомстводағылар.
Айта кетсек, Қазақстанда жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша заң бұзған адам 1 000 АЕК (2,7 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады/шектеледі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 16 наурыздан бастап коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сондықтан бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.
Оқи отырыңыз: "Оқушыларға чип салынады": министрлік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді