"Менің әкем 1939 жылы қыркүйекте 18 жасында Қызыл Армияның қатарына шақырылды. Ал 1941 жылы қыркүйек айында ауыр жарақат алды. Қайта даярлау курстарынан кейін оған лейтенант шені берілді", - деп еске алады Ахметов.
Кенжетай Ахметов Курск шайқасында және Берлин түбінде тағы екі рет жарақат алған. Алғашқы наградасы - "Ерлігі үшін" медалі.
"Менің әкем басқарған миномет батареясы фашистердің екі миномет батареясын тоқтатты. Одан кейін шабуылдаушы жаяу әскер ротасының құрамында неміс басқыншыларының ротасын тоқтатуға атсалысты. Осылайша, алғашқы наградасы - "Ерлігі үшін" медалін алды. Оны, көбінесе, жауынгерлерге тапсыратын. Бірақ менің әкем офицер болса да, қатардағы сарбаздармен бірдей тойтарыс пен шабуылға қатысқан. Сол себепті оған да медаль берді деп ойлаймын", - деді Ахметов.
Бұдан бөлек, Кенжетай Ахметов "Берлинді алғаны үшін", "Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдары мен Отан соғысы орденімен марапатталған болатын.
"Мен әкемді мақтан тұтамын. Үйімізде әкеміздің жауынгерлік жолына арналған бұрыш бар. Сол жерге барлық фото мен награданы жинап қойдық", - дейді Ахметов.
Соғысқа Даниал Ахметовтың атасы – Сары Ахметов та аттанған. Ол да әскери наградалар алды.
"Әкем мен атамның өмірі – табандылық пен қиындықты еңсерудің үлгісі. Соның арқасында жеңімпаз болып шығасың", - деп атап көрсетті әкім.
Ахметов Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір адамның елдің мақтанышы екенін ерекше атап өтті.
"Жеңіс кеңес халқының ұлы рухын көрсетеді. Бұл – интернационализм рухы, жеңімпаздардың рухы. Бұның барлығы сол кездегі тамаша ұрпаққа тән. Бірнеше күннен кейін біз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Бұл – кеңес халқының жеңісі, барша адамзаттың жеңісі. Мен біздің соғыс ардагерлеріміздің алдында бас иемін. Денсаулық пен бақыт тілеймін! Жеңіс күні құтты болсын!" – деп атап көрсетті Даниал Ахметов.
"Фронтовая перекличка" - Sputnik баспасөз орталықтарының дәстүрлі жобасы. Ұлы Жеңістің 75-жылдығы қарсаңында Беларусь, Абхазия, Қырғызстан, Армения, Молдова, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан мен Оңтүстік Осетияның Sputnik редакциялары соғысқа қатысқан сарбаздар мен офицерлердің ұрпақтары айтқан естеліктерді жариялайды.
"Фронтовая перекличка" жобасы аясында отбасылық естеліктер ұлы әскери шежіреге қосылып, әлемді фашизмнен азат еткен халықтардың ерлігін ұмытпауға мүмкіндік береді.