Қоғам

Ардагерлерге материалдық көмек көрсетуге 7,6 млрд теңге бөлінді

© Sputnik / Абзал Калиев Портмоне с деньгами
 Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанда 1 025 соғыс ардагері, 123 мыңнан астам соғыс мүгедектері мен Ұлы Жеңіске үлес қосқан басқа да азаматтар тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай 124 242 адамға біржолғы төлем төленеді. Ардагерлерге материалдық көмек көрсетуге жергілікті бюджеттерден 7,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жыл сайынғы біржолғы материалдық көмек дәстүрге айналды. Биыл Жеңістің 75 жылдығына жергілікті бюджеттерден бұл мақсатқа 7,6 миллиард теңге қарастырылған", – деді Әукенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Біржолғы төлемді алатындар:

  • ҰОС қатысушылары мен мүгедектері – 1 025 адам;
  • қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 87 адам;
  • концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұрғындары – 289 адам;
  • қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері – 4 866 адам;
  • ҰОС кезінде қайтыс болғандардың жесірлері – 15 адам;
  • Тыл еңбеккерлері – 109 040 адам;
  • ҰОС ардагерлеріне теңестірілген басқа да адамдар – 8 920 адам.

Вице-министр осы жылы мерекеге орай барлығы 124 242 адам біржолғы төлем алатынын атап өтті.

"Барлық дерлік өңірде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен ардагерлеріне 1 миллион теңге шамасында біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұрғындарына 50 мың теңгеден кем емес, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден астам төлем төленді", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Жәрдемақы көбейеді – сенат ардагерлер туралы заңды қабылдады

Айтуынша, республиканың жеті өңірінің ардагерлері біржолғы төлемді алды. Олар: астана мен Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстары. Қалған өңірлерде жұмыс жалғасып жатыр.

Вице министрдің ақпаратынша, 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 1 025 соғыс ардагері, 123 мыңнан астам соғыс мүгедектері мен Ұлы Жеңіске үлес қосқан басқа да азаматтар тұрады.

Жаңалықтар
0