Саясат

"Ешкім қорқытып отырған жоқ": Дариға Назарбаева несімен есте қалды

© Sputnik / Абзал КалиевДариға Назарбаева сенаттың отырысында
Дариға Назарбаева сенаттың отырысында - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өткен сенбі, екінші мамырда президент жарлығымен сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik, Нұргүл Абай. Тұңғыш президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева үш жарым жыл сенат депутаты болды. Ал жоғары палата спикері қызметін бір жыл және бір ай, өткен жылдың наурызынан осы жылдың мамырына дейін атқарды. Sputnik Қазақстан Назарбаеваның сенат қабырғасында жасаған мәлімдемелері мен тың бастамаларын еске түсіргенді жөн көрді.

Өткен сенбі, 2 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатты. Саясаттағы ықпалды әйелдің парламенттен кетуі қазақстандықтар үшін күтпеген жаңалық болды.

Дүйсенбі, 4 мамырда сенаттың жаңа төрағасы сайланды. Ол 49 жастағы Мәулен Әшімбаев. Сенат төрағалығына оның кандидатурасын президенттің өзі ұсынды. Енді Конституция бойынша Әшімбаев ел билігінде президенттен кейінгі екінші адам.

Мәулен Әшімбаев тізгіндеген сенаттың жұмысына алдағы уақытта куә болармыз. Ал бүгін біз, бұрынғы депутат әрі экс-спикердің несімен есте қалғанын шолып шықтық.

"Біздің сыртқы жауымыз жоқ"

Дариға Назарбаева бір сөзінде қазақстандықтардың басты жауын санамалап берді. Айтуынша, олар: жауапсыздық, біліксіздік, асығыс шешім қабылдау, қағаз есептердің кесірінен жағдайға дұрыс баға бермеу және әр күннің сын-қатеріне дер кезінде төтеп бере алмау.

Тағы оқыңыз: Тоқаев сенат депутатын тағайындады

Бұрынғы төрағаның пікірінше, Қазақстанның жеріне ешкім көз тігіп отырған жоқ.

"Қазақстан - бұл біздің жеріміз. Біз аға ұрпақ алдында да, балаларымыз алдында да ол үшін жауаптымыз. Бәріміз де мұны жақсы түсінеміз. Біздің сыртқы жауымыз жоқ. Біз ешқашан ешкімге туған жеріміздің бір қарысын да бермейміз. Бұл тұрғыдан бізді ешқандай көрші ел қорқытып отырған жоқ", - деді Назарбаева.

Өлім жазасын құптайтын ана

2016 жылдың қыркүйегінде журналистер сол кездегі сенат депутатынан "педофилдерді өлім жазасына кесу керек деген ұсынысты қолдайсыз ба?" деп сұраған еді.

"Ана ретінде өлім жазасын қолдаймын. Бірақ, біз оқшау өмір сүретін мемлекет емеспіз. Халықаралық міндеттемелеріміз бар. Сол себепті мұндай қадамға бара алмайтын шығармыз", -деп жауап қайтарды Назарбаева.

Ол педофилдерді үнемі бақылауда ұстап, мектептің маңында жүруге тыйым салу қажет екенін айтты.

Мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған баспана

Осыдан екі жыл бұрын Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлерді баспанамен қамту үшін жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынған болатын. Экс-депутаттың айтуынша, азаматтардың бұл санаты баспанаға мұқтаж болғанымен, олардың мәселесі назардан тыс қалып келеді.

"Кейбір мұғалімдерді отбасында отағасы асырайды. Ал енді бірі, керісінше, бүкіл жанұясын өзі асырауға мәжбүр. Оларға қалай көмектесу қажет? Мен әскерилер сияқты, олар үшін де жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынамын. Әйтпесе, қанша миллион шаршы метр үй тұрғызсақ та, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді", - деді бұрынғы сенатор.

Тағы оқыңыз: "Анасының трагедиясы": Билік Айсұлтан Назарбаевтың шулы жазбаларына баға берді

Бұдан бөлек, Назарбаева тек студенттерді ғана емес, жас мамандарды да жатақханамен қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

"Білім басқармаларын жабу керек"

Сенат қабырғасында Дариға Назарбаева бүкіл Қазақстан бойынша білім басқармаларын жабуды ұсынған болатын.

Айтуынша, бұл ұйымдар енді қажет болмай қалады. Себебі қазір мектептер жан басына қарай қаржыландыруға көшіп жатыр. Бұл әр мектепке өз қорын құруға мүмкіндік береді. Қорда демеушілер мен донорлардың бюджеттен тыс қаржысы жиналады.

"Бұл жердегі мәселе тек мектептің өз бетінше өмірге дайындығы болып тұр. Мұндай жүйеде облыстық, аудандық және қалалық білім басқармалары керек болмай қалады. Бұл маңызды мәселе, себебі мектеп қаржыландырылады, ал ақша осы ұйымдарда ұзақ уақытқа қалып қояды. Аталған ұйымдар қалағанын істейді, яғни қаржыны бүгін не ертең бере алады немесе мектептерден үнемдеп, оқулықтар немесе жөндеу жұмыстарын толық қаржыландырмайды. Ол жерде заң бұзушылықтар көп, сондықтан бұл ұйымдардың қаншалықты қажет болу-болмауы сұрақ болып тұр. Мен олардың жабылғанын қолдаймын", - деген еді ол.

Әр әкімге –  бір тікұшақ

2017 жылы экс-сенатор шенеуніктердің жұмысын жеңілдететін ұсыныс жасады. Ол әкімдіктерге тікұшақ сатып алуға кеңес берді.

"Санитарлық және медициналық авиация дамуы тиіс. Әр әкімнің бір тікұшағы болуы керек. Әсіресе, бұл ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде өте өзекті. 500 шақырымдық жолды күні бойы көлікпен жүріп өтпей, тікұшақпен бір-екі сағатта ұшып барған тиімді", - деді Назарбаева.

Сонымен қатар, ол кептелісі көп қалаларда мұндай тікұшақтар такси ретінде бизнес үшін өте пайдалы деп санайды.

Назарбаеваның бастамасынан кейін құрылған министрлік

2019 жылдың ақпанында Дариға Назарбаева сауда саласындағы проблемаларды қозғап, сауда министрлігін құруды ұсынған болатын. Себебі сауда саласымен ұлттық экономика министрлігінің департаменті айналысады. Ал олардың ішкі және сыртқы саудаға ықпал ететін құзыреті жоқ.

Назарбаева елдің ЖІӨ-сінде үлкен үлесті алатын сауда саласының неге өз министрлігі жоқ екеніне таңғалған еді.

Көп ұзамай, 2019 жылдың маусымында, президент жарлығымен республикада сауда және интеграция министрлігі құрылды.

"Ауыз су бағдарламасы "Бермуд үштағаны" сияқты"

Қазақстандағы өткір мәселелердің бірі – ауыз су тапшылығы. Бұл проблема сенаттың бұрынғы төрағасының да назарынан тыс қалмады.

Дариға Назарбаева халықты ауыз сумен қамту бағдарламасын "Бермуд үштағанымен" салыстырды.

Тағы оқыңыз: "Бұдан әрі күтуге болмайды": Назарбаева дағдарыс проблеманың бетін ашқанын айтты

"Өңірлерді ауыз сумен қамту үшін тәуелсіздік алғалы 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді мекенде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы "Бермуд үштағаны" сияқты, ақша жұмбақ жолмен жоғалып кетеді", - деген болатын ол.

Ал 2019 жылдың қарашасында экс-спикер су қауіпсіздігі мәселелеріне ғана жауапты болатын мемлекеттік орган құруды ұсынды. Сонымен қатар, су ресурстарын сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.

Дау тудырған тізім

Жуырда сенат депутаттары мемлекеттен қолдау көрсетілетін жүйе құраушы кәсіпорындардың тізімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Назарбаеваның айтуынша, кәсіпорындардың қазіргі тізімінде құрылыс пен сауда компаниялары көбірек, ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің үлесі өте төмен.

"Экономикалық стратегияның басты мақсаты импортты алмастыру саясатын күшейту ғой. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – аса маңызды әрі біз өзіміз өндіре алатын азық-түліктің импортынан бас тартуымыз керек", - деді ол.

Бұрынғы төраға өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару қажет екенін айтты. Сол себепті кәсіпорындар тізімі жаңа критерийлерді ескере отырып қайта қаралуы тиіс.

Сенат депутаттары үкіметке жүйе құраушы кәсіпорындардың тәсілдемелері мен өлшемдері тізімін қалыптастыруға қатысты ұсыныстар әзірлейді.

Конституциялық кеңеске өтініш

Осы жылдың 15 сәуірінде экс-спикер Конституциялық кеңеске өтініш жасады. Назарбаева парламенттің қандай заңдар шығаруға құқығы бар екені жазылған Конституциядағы баптың 3-тармағын ресми түсіндіруді сұрады.

Өтініште норма шығармашылық процеске, атап айтқанда, заңдарды және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді реттеу көзін ажыратуға қатысты мәселелер қойылған.

Сенаттың соңғы отырысында не айтты?

30 сәуірде Дариға Назарбаева сенат спикері ретінде соңғы отырысын өткізді.

Жалпы отырыста ол шаруалардың проблемасын қозғап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Сонымен қатар, депутаттарға дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жұмсалуына бақылау жасау, осы шаралар туралы халықты хабардар етуді тапсырды.

Тағы оқыңыз: "Арандатушылар  – біздің дұшпанымыз": Назарбаева халыққа үндеу жасады

Бұдан бөлек, қарттар мен балалар үйлері, интернаттар төтенше жағдай кезінде назардан тыс қалғанын жеткізді. Медициналық-әлеуметтік мекемелер жеке қорғаныш және санитариялық гигиена құралдарымен қамтамасыз етілмей отыр.

Сондай-ақ, Назарбаева елдегі криминогендік ахуалға назар аударды.  Айтуынша, карантиннен кейін әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет.

Дариға Назарбаева тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін жергілікті билік пен құқық қорғау органдарын әйелдерді қолдау шараларын күшейтуге шақырды.

Сонымен қатар, экс-спикер парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жүйелі қорытынды шығаруы керек деп санайды.

Жаңалықтар
0