НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр — Sputnik. Семейде отбасылық отырыс салдарынан жеті адам коронавирус індетіне шалдықты. Біреуі - үш жасар бала, деп хабарлайды Өскемен қаласының әкімдігі.
"Елде шектеу шаралары біртіндеп жеңілдетіліп жатыр. Бірақ бұл, өкінішке қарай, коронавирус жұқтыру қаупі жойылды дегенді білдірмейді. Семей қаласында болған жағдай осыған дәлел. Отырыс салдарынан жеті адам коронавирус жұқтырды, біреуі - үш жасар бала", - деп жазылған Өскемен қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі 68 жастағы тұрғын туыстарын қонаққа шақырғанын айтты.
"Жақын туыстар бас қосқан. Сегіз адамның жетеуінде коронавирус расталды. Олар облыс пен елден шықпаған. Тұрғындардың 83 адаммен байланыста болғаны анықталды", - деді әкімдікте.
3 мамырдағы ақпарат бойынша Шығыс Қазақстанда 25 адамда Covid-19 анықталған. 8 адам жазылып шықты, бір адам көз жұмды.
Барлығы елде 3 877 адамда коронавирус расталды. 995 адам дерттен айықты, 26 адам көз жұмды.