НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр — Sputnik. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан көз жұмған ер адам туралы ақпарат таратты.
1958 жылы туған ер адам Шахтинск қаласының тұрғыны.
Ол 5 сәуірде провизорлық ауруханаға пневмония диагнозымен түскен.
"14 сәуірде ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың шешімі бойынша науқас Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Ер адамда COVID-19 расталды, екіжақты пневмония анықталды", - делінген хабарламада.
Науқас ауруханада 19 тәулік жатып, емделді.
Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, ер адам үшінші мамырда көз жұмды, деп хабарлады денсаулық басқармасы.
Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын жұқтырған 3 877 адам анықталды, 995 науқас жазылып шықты.