НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр – Sputnik. Сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Дариға Назарбаева 2016 жылдың 13 қыркүйегінен бастап парламент сенатының депутаты болды. Өткен жылдың 20 наурызында депутаттар оны жоғары палатының спикері етіп сайлаған еді.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева Конституциялық кеңеске өтініш жасады
Бұған дейін, 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды.
2012-2015 жылдары мәжіліс депутаты, парламенттің төменгі палатасының вице-спикері болды.
Дариға Назарбаева – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы. Ол 1963 жылдың 7 мамырында Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған. Тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян, неміс тілдерін біледі.