НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы орталық аппарат қызметкерлерінің 34%-ін қысқартады.
"Бизнес-процестер оңтайландырылады. Дағдарысқа байланысты өзектілігі жойылған жобалар мен шараларды жүзеге асыру жоспары қайта қаралып жатыр. Орталық аппарат қызметкерлерінің санын 729-дан 480-ге, яғни 34 процентке қысқарту туралы шешім қабылданды", - деп жазылған ұлттық компанияның сайтында.
Оларға бір реттік төлем немесе рекрутингтік агенттіктер қызметі ұсынылады. Компания есебінен саланың өзге бағытына оқыту мүмкіндігі де қарастырылған.
Компанияның жаңа құрылымы
- геология, барлау және өңдеу блоктарын біріктіріледі. Геология және барлау жөніндегі төраға орынбасары қызметі жойылды;
- басқару деңгейлері қысқартылды (енді 22 басқарушы директор позициясы болмайды);
- департамент саны үш есеге қысқарады.
"Біз көптеген функциядан бас тартамыз. Еншілес компаниялармен байланыс алгоритмін қайта қарастырамыз. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруға ден қойылады", – деді басқарма төрағасы Әлік Айдарбаев.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы – көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша қазақстандық оператор.
Акционерлері – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры (90%) және Қазақстанның ұлттық банкі (10% + 1 акция).