НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Енді этникалық қазақтар 1991 жылға дейін шет мемлекетте тұрғанын растамайды. "Оралман" мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан азаматтығын алмағаны негізгі критерий болып саналады. Сенат депутаттары қандастардың азаматтық алуын жеңілдететін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстанның көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу" туралы заң жобасы қаралды. Заң жобасында президенттің тапсырмасын орындау мақсатында "оралман" сөзі "қандас" ұғымымен алмастырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов этникалық көші-қон саласына енгізілетін өзгерістерге тоқталды.
"Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес этникалық қазақтар "оралман" мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растауы қажет. Іс жүзінде, 1991 жылдан кейін туған этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты, "оралман" мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмауы негізгі критерий ретінде енгізіледі", - деді министр отырыста.
Сонымен қатар, қандастарға елде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр.
Нұрымбетов еңбек көші-қон саласындағы өзгерістерге де тоқталды.
Біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттаманың күшін басқа әкімшілік-аумақтық бірліктерге тарату көзделеді.
"Бұл ретте жұмыс беруші рұқсаттамада көрсетілген әрбір өңірдің бюджетіне салық алымын төлеуге, сондай-ақ, тиісті өңірлерде жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету туралы шарты болуы тиіс", деді ол.
Бұдан бөлек, еңбек мигранттарын "маусымдық жұмысшыларға" теңестіру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығын енгізу қаралған.
Қазақстан азаматтығын алу тәртібін жеңілдету үшін 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санаты (этникалық қазақтар, азаматтығы жоқ адамдар, 1974 жылғы КСРО төлқұжаттары, сондай-ақ Конвенцияға сәйкес некеде тұрған әйелдер) айқындалған.