НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Елорданың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова бір жасқа дейін екпе салу қай кезде жанданатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 2 сәуірден бастап бұл жұмыс уақытша тоқтатылған болатын. Екпені тек перзентханада ғана жасайды. Сосын жарақат алған адам травматологиялық пункте ала алады. Ал басқа жерде екпе салу жұмысы тоқтатылған", – деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, 11 мамырдан бастап екпе салу шаралары жанданады. Алайда дәрігерлер үйге барып, екпе салмайды.
"Біз үйге барып, екпе салмаймыз. Себебі неше түрлі асқыну болуы мүмкін. Жалпы баланы емханаға алдыру мен екпе салуды медицина мекемелері өздері жоспарлап жатыр. Оны 11 мамырдан бастайды", – деп атап көрсетті Қисықова.