АЛМАТЫ, 29 сәуір, Айгерім Таубай – Sputnik. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғанына бір айдан асты. Қалалар мен өңірлерде карантин режимі енгізіліп, көп адамның жиналуына тыйым салынды. Коронавирус індетіне байланысты биыл мұсылман жамағаты Рамазан айын мешітке бармай, үйде өткізуге мәжбүр.
Адамзаттың амандығын тілейді
Нұр-Сұлтан қаласының 76 жастағы тұрғыны Әнияш Байсалбекова 20 жылдан бері ауыз бекітіп, Рамазан айында исламдағы бес парызды орындап келеді.
"2000 жылдан бері парызымды орындап келемін. Күнде таңертең Алла тағалаға жүрегіме иман орнатқаны үшін, ғибадат етушілердің қатарына қосқаны үшін бақытты екенімді айтамын. Өзім қостанайлықпын, астанаға көшіп келгеніме 7 жылдай болды. Ораза ұстағаннан бастап бір де бір тарауих намазынан қалған емеспін. Өйткені жамағатпен оқылған тарауих намаз күш-қуат береді, рухани байытады", - дейді Әнияш Байсалбекова.
Үш рет Меккеге қажылыққа барған Әнияш апа қазір дұғамда елдің, бүкіл адамзаттың амандығын тілеймін дейді.
"Жылдан-жылға санаң өсе бастайды. Бұрын дұғаңды бала-шаға, туған-туысыңа жасайтын болсаң, қазір мына келген нәубет, індет, жаман аурудан бүкіл адамзатты қорғай гөр, тезірек бетін қайтара гөр деп тілеймін. Қазір үйде отырмыз, оқшаулауды да қайырлы ете гөр деп сұраймын. Оқшауланудың бір жақсы жері – өзіңмен өзің ойланасың, өмірдің мағынасы, мәні туралы көп ойлайсың. Сана-сезімі бар әрбір адам оқшаулану кезінде өмірдің қызығы не екенін түсініп, рухани байып, өмірге не үшін келгенін ойланады", - дейді ол кісі.
Алланың сынағы
Карантин кезінде үйде құлшылығын жасап отырған қарияның айтуынша, ораза ұстауға ниет еткен адам 2-3 күннің ішінде су мен тамақты іздемейтін болады. Тіпті, күнделікті жұмысын істеп жүре береді.
"Қазір мешіттер жабық. Тарауих намазын үйде оқуға болады. Мешітте 20 рәкат оқылады. Ал үйде өз қалауыңмен 8 рәкат оқуға болады. Егер ниетің түзу болып, ораза ұстауға ниет етсең, оның еш қиындығы жоқ. Екі-үш күнде бәрі орнына келіп, күнделікті өмір сүру дағдыңа айналады. Рамазан айы мен үшін шын қуаныш, керемет бақыт. Біз айдың басталғанын күтеміз. Рамазан аяқталған кезде көзімізге жас келеді", - дейді Әнияш апа.
Әнияш Байсалбекова коронавирус індетінің таралуын сынақ деп қабылдайды. Осындай сәтте жарты сағат болсын таза ауаға шығып-кіруге мүмкіндігі бар екеніне шүкір айтып отыр.
"Бұл – Алланың сынағы. Әрбір сынаққа дұрыс қарап, дұрыс өту керек. Біз карантинде отырмыз, ал ауырып, бірнеше жылдан бері төсек тартып жатқан адамдар да бар. Солармен салыстырмалы түрде алып қарасақ, үйдің алдына шығып, жарты сағат таза ауада демалуға мүмкіндігіміз бар. Мұны да Алланың сыны деп қабылдаймын. Оқшаулану ойлану үшін адамзатқа пайдалы болды", - дейді ол.
Елорда тұрғыны бірінші рет ауыз бекітіп жатқандарға кеңес берді. Айтуынша, адам тамақтан қатты қиналмайды, тек ауыз ашқан соң суды көбірек ішу керек.
"Адамның ниеті болса, ол санаға, ойға шыдау керек деп белгі береді. Бірінші жылы Меккеде ораза ұстадым, бастапқы бір-екі күнде қиналдым. Шөлдеп, аяғымның сіңірі тартылды. Содан кейін су аз болғанын түсіндім. Кешке ауыз ашқаннан кейін зәмзәм суын көбірек ішіп, бірнеше күннен кейін үйреніп кеттім", - дейді ол.
"Ділінен айырылғандар ораза ұстай бастады"
Ал 23 жастағы алматылық Нұрсұлтан Абай 5 жылдан бері ораза ұстайды. Ол 18 наурызда отбасымен бірге Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы ата-әжесінің үйіне барған.
"Алматыда жыл сайын достарымыз, жақындарымыз, туған-туыс ауызашарға шақырып, отырысқа жиі баратынбыз. Қазір ауылдамыз. Отбасымызбен ауылдағы үлкен үйге келдік. Осында туыстарымыздың үш үйі бар. Әжеміз немерелерін жинап, ауызашар берді. Бірақ бұрынғыдай көрші-қолаң, дос-жарандар немесе мешіттегі хатымханада ауызашар беріліп жатқан жоқ. Отбасымызбен ораза ұстап жатырмыз. Карантин кезінде қиналып жатқан жоқпын, себебі Алла тағала құлына көтере алмайтын жүк бермейді", - дейді Нұрсұлтан.
Ауылда жүрген соң істейтін жұмыс та көбейген. Алайда Рамазанға дейінгі жұмысты қалай істеп жүрсек, қазір де солай істеп жүрміз, дейді ол.
"Ауылда қораны тазалайсың, аула сыпырасың, қой бағасың, малға шөп саласың. Оның үстіне қазір төлдің кезі, қой қоздап, сиыр бұзаулап, жылқы құлындап жатқан кез. Абыр-сабыр тіршілік", - дейді ол.
Айтуынша, отбасында жыл сайын ораза ұстауға ниет еткендер саны артып келеді. Биыл анасы мен екі інісі, қарындасы, әжесінің ауыз бекіткен.
"Тарауих намазын әдетте мешітте оқитынбыз. Рамазан айының алғашқы күнінен Қадір түніне дейін әр күні 1 парадан қариларымыз Құранды хатымды оқитын. Өкінішке қарай, Құранды толық жатқа білмейміз. Бар білген сүремізді оқып жатырмыз. Бастысы ниет, қалғаны Алланың еншісінде", - дейді Нұрсұлтан.
Бір қызығы, бұл отбасыда әуелі жасы кішілер ораза ұстауды бастаған. Қазір бұл қатарға үлкендер де қосылып жатыр.
"Әжем бұрыннан ауыз бекітіп, жыл сайын ауызашар беріп жүрген кісі. Жалпы, біздің алдыңғы буын қатты орыстанып кеткен. Ділінен айырылған десе де болады. Қазір үйіміздің үлкендері де ораза ұстай бастады. Ал өзіме келер болсам, бірінші Алла, сосын достарымның арқасында қорықпай ораза ұстағаным есімде. Негізі жай күндері қарным жиі ашатын. "Шыдамаймын" деп ойлайтынмын. Бірақ тәуекел қылып ұстап едім, еш қиналмадым", - деп түсіндірді Нұрсұлтан Абай.
Айтуынша, Алматы мен Алматы облысының айтарлықтай айырмашылығы бар. Тұрып жатқан жер де қиналмай ауыз бекітуге мүмкіндік береді.
"Жердің де әсері бар. Ауыл Алматыға қарағанда салқын. Ауыз бекіткен адамды әуелі шөл қысатынын ескерсек, бұл өте ыңғайлы", - дейді Нұрсұлтан.
Ораза жеңіл өтіп жатыр
Ал Алматыда бір жарым айдан бері карантин режимін сақтап келе жатқан алматылық Ботагөз Асхат биыл оразаның жеңіл өтіп жатқанын айтты.
"Биыл ораза ұстағаныма төртінші жыл. Жылдағымен салыстырғанда биыл ораза жеңілірек өтіп жатыр. Себебі жүгіріп, күн астында жүрмейміз. Ауа райы да салқын болып, жақсы болып тұр. Алайда далада жүріп, таза ауамен тыныстағанға ештеңе жетпейді. Не болса да, бұл бізге берілген мүмкіндік. Карантин жағдайында ораза ұстауға болмайды деп айту – жай ғана сылтау. Егер адам шын ниеттенсе, қайда болсын ораза ұстайды", - дейді Ботагөз.
Оқи отырыңыз: Ораза кезінде антисептик қолдануға бола ма – мүфтият жауабы
Бір өкініштісі, ауызашарға бара алмаймыз және ауызашар беріп, жақындарымыздың басын қоса алмаймыз, дейді ол.
"Бәлкім Рамазан айы аяқталғанша, бұл шектеулер алынып, бас қосуға, жүздесуге мүмкіндік туып қалар", - дейді Ботагөз Асхат.