НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. 1 мамырдан елорда мен Алматы арасында ұшатын азаматтардың деректері ақпараттық жүйеге енгізіледі. Бұл туралы Қазақстанның көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұшақ жолаушыларына қойылатын негізгі талап – коронавирус жоқ екенін дәлелдейтін анықтаманың болуы. Сонымен қатар, олар міндетті түрде маска тағып, бір-бірінен қашық отыруы тиіс.
Байғабылов әуежайға қонған ұшақтың жолаушылары карантинге алынбайтынын айтты. Әуежайда барлығының дене қызуы өлшенеді.
"Ұшу кезінде экипаж жолаушыларға анкета таратады. Қонғаннан кейін анкеталар әуежайдағы санитарлық-карантиндік пунктің қызметкерлеріне тапсырылады. Барлық жолаушының мәліметтері ақпараттық жүйеге енгізіледі. Егер жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жүгінсе, бұл база қысқа мерзімде онымен байланыста болғандарды анықтауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді көліктегі бас санитар дәрігер.
Коронавирустың теріс нәтижесі көрсетілген ПТР анықтамасы жеті күнге жарамды.
Яғни, жеті күн ішінде жолаушы әрі-бері қатынай алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға мерзімі өткен құжаттарды пайдалануға рұқсат етіледі