НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанның тұрғын үй алаптарында газ тарату желілерінің құрылысы басталды, деп хабарлайды әкімдік.
"Магистралды газ құбырының монтажы аяқталу кезеңінде тұр. Мәселен, Железнодорожный тұрғын үй алабында газ тарату желілерінің үштен бірі төселді. Сонымен қатар Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық тұрғын үй алаптарында жұмыс жүріп жатыр", - делінген хабарламада.
Әкімдіктің ақпаратынша, барлық жұмыс кестеге сай өтуде.
Өнеркәсіп секторы мен тұрғын үй алаптарын газдандыру үш кезеңнен тұрады: келесі жылу беру маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Промышленный, Железнодорожный тұрғын үй алаптарына газ жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: Мұнай дағдарысынан кейін газ нарығы қалай өзгереді?
Екінші кезеңде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2-ші іске қосу кешені), Тельман (3-ші іске қосу кешені), Пригородный, Garden Village және Family Village (4-ші іске қосу кешені) тұрғын үй алаптары көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші іске қосу кешені), Шұбар (3-ші іске қосу кешені), Өндіріс (4-ші іске қосу кешені) тұрғын үй алаптарына тартылады.
Іске асыру мерзімі – 2020-2023 жылдар.