НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. Талдықорғандағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты.
Мүшелтой шағын ауданындағы бесқабатты үйдегі өрт туралы хабар 26 сәуір күні 16.02-де түсті. Бұл туралы ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Өрттің 4-қабаттан шыққаны анықталды. Өрт сөндірушілер екі кіреберіс арқылы 40 адамды қауіпсіз жерге шығарды. 14-і - бала", - деп жазылған хабарламада.
29 шаршы метр аумақтағы өрт 16.36-да сөндірілді. Пәтерде 1949 жылы туған үй иесінің денесі табылды.
Отты ауыздықтауға Алматы облысы төтенше жағдайлар комитеті департаментінің 30 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды.