НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Алматыда экономикалық тергеу бөлімінің қызметкерлері тәркіленген заттарды балалар үйі мен аз қамтылған отбасыларға тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Аталған шара BIZBIRGEMIZ науқаны аясында, сондай-ақ елде енгізілген төтенше жағдай мен карантин кезінде аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында іске асырылды.
"Контрабандалық қылмыстық іс аясында балалар киімдері, курткалар, джинсы шалбар, аяқ киімдер мен спорттық костюмдер, футболка сияқты жалпы құны 250 миллион теңгені құрайтын тауар тәркіленді. Оның бәрі де айғақты зат ретінде тіркелді. Кейіннен барлық тауарларға сот бұйрығы шығарылып, олар мемлекет кірісіне алынды", – делінген баспасөз хабарламасында.
Қаржылық бақылау комитеті өкілдерінің түсіндіруінше, бұл заттар балалар үйлері мен қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсету үшін түгел таратылған.