НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Карантин кезеңінде egov.kz порталына некені тіркеу туралы 1152 өтініш, ал онлайн ажырасуға 311 өтініш түскен. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Карантин уақытында некелесуге 1152 өтініш, ал некені бұзуға 311 өтініш түскен. Өкінішке қарай, мұндай статистика да бар", - деді Жұманбай Sputnik Қазақстанның Instagram парақшасындағы тікелей эфирде.
Ол ажырасқан азаматтар egov.kz арқылы некені тіркеуге өтініш бере алмайтынын атап өтті. Бұған дейін некеде болғандар АХАТ арқылы өтініш беруі тиіс.
Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың бәрі бірдей онлайн ажыраса алмайды. Некені бұзуға балалары мен ортақ мал-мүлкі жоқ жұптар ғана өтініш бере алады. Ал қалған жағдайда тек сотқа жүгіну қажет.
"Соттарда некелескендер мен ажырасқандар статистикасы басқаша болуы мүмкін. Менің меңзеп отырғаным: жоғарыдағы цифр қазіргі жағдайды дәл сипаттай алмайды. Ол тек онлайн өтініштердің саны ғана", - деді Жұманбай.