Видео

42 500 теңге бір айға жете ме? Нұр-Сұлтан тұрғындары жауап берді - видео

Жазылу
Соңғы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 4 миллионнан астам адам 42 500 теңгенің әлеуметтік төлемін алды. Олардың ішінде астаналықтар да аз емес. Ал 42 500 теңге бір айға жете ме? Нұр-Сұлтанның тұрғындары ол ақшаны қайда жұмсайды?

Sputnik Қазақстан тілшісі осы сұрақтардың жауабын астаналықтардан сұрап көрді.

Әрине, карантин кезінде адамға тек азық-түлік қана қажет. Осы орайда кейбір астаналықтар 42 500 бір айлық тамаққа жетеді деп отыр. Ал коммуналдық төлемдерді есептесе, жетпей қалуы әбден мүмкін. Дегенмен, көпбалалы отбасыларға ол ақша аздық етеді. Оған қоса, кейбір тауарлардың бағасы күрт көтеріліп кетті. 

"Жанұядағы адам санына байланысты. Егер көпбалалы отбасы болса, әрине, жетпейді. Бірақ үш баланың өзіне аз болады. Олардың ішіп-жейтіні бар, басқа да қажеттіліктері көп қой", - дейді Нұр-Сұлтан тұрғындарының бірі.

Алайда қала тұрғындарының арасында "мемлекетке қарамай, өз күшіңе сену керек" дейтіндер де бар. Сондықтан осының өзі – үлкен көмек. Әрбір адам өз қажеттіліктеріне қарауы керек.

"Әркімге әрқалай ғой. Біреуге 200 мың да жетпейді, біреуге 40 мың да жетеді. Бұл енді отбасыға көмек қой", - дейді тағы бірі.  

42 500 теңге алса да, жұмсамай жүрген жастар бар екен.

Екінші айға ақша алғандар бар

Айта кеткен жөн, кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 4 миллион 146 мың адамға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге төленгенін хабарлады. Олардың ішінде 3 миллион 728 адам бірінші айға алса, 419 мың адам екінші айға алып үлгерді. Осы төлемге өтінім бергендердің жалпы саны 8 миллион адамнан асты. Министрлік өтінімді ең көп берген өңірлерді де анықтады. Олар:

  • Алматы облысы (1 миллион 45 мың адам)
  • Түркістан облысы (999 мың адам)
  •  Алматы қаласы (896 мың адам)
  • Нұр-Сұлтан (595 мың адам)
  • Шымкент (534 мың адам)

Мақұлданған өтінімдердің саны жағынан да Алматы облысы көш бастап тұр. Ол жақта 600 мыңнан астам өтінім мақұлданды. Одан кейін Түркістан облысы (496 мың өтінім) және үшінші орында Алматы қаласы (403 мың өтінім).    

Өтінім неге кері қайтарылады

Ресми ақпаратқа сәйкес, осы уақытқа дейін 3,5 миллион адамның өтінімі кері қайтарылды. Өйткені талапқа сай болмады. Негізгі себептер:

  • Жеке мәліметтерді дұрыс көрсетпеу;
  • Банк есепшотын дұрыс жазбау;
  • Өтінім берген адамның тұрақты жұмысы мен жалақысы бар;
  • Өтінім беруші зейнетақы мен жәрдемақы алады және төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істемеген;
  • Өтінім берген адам соңғы 12 айдың ішінде әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын аудармаған, тіпті өтінім бергенге дейін бірыңғай жиынтық төлемін жасамаған;
  • Өтінім беруші қайтыс болған адамдардың тізімінде тұр немесе Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұру үшін көшіп кеткен.

42 500 теңгеге тапсырыс бергендердің ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де бар.

42 500 теңге үшін кімді тексереді

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42 500 теңгені заңсыз алғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін ескерткен болатын. Осыдан кейін заңгерлер өз пікірн білдірді. Ал әлеуметтік желіде отырған халық шулап кетті. Министр Біржан Нұрымбетов үндемей қалмады, бірден осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.   

"Азамат 42 500 теңгені алдап алмаса, ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Халық 42 500 теңгеге еріккеннен өтініш беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым халықты кейін тексермейміз", - деп жазды Нұрымбетов.

Осыдан кейін Біржан Бидайбекұлы жұмыс істеп жүріп 42 500 теңгені алған жалдамалы жұмысшылардың тексерілетіні жеткізді. Себебі олардың жалақысы тоқтатылған жоқ. Соны біле тұра, әлеуметтік көмек алды.

"Еңбек министрлігі осы санаттағы жұмыс берушілер мен жұмысшылардан басқа ешкімге талап қоймайды. Министрлік 42 500 теңгені алғандарға (жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен істейтіндер, бірыңғай жиынтық төлемін жасағандар, декретке шыққандар және тағы басқаға) қатысты ешқандай тексеріс жүргізбейді. Оны қайта-қайта сұрамай-ақ қойыңыздар. Жоғарыда аталған жалдамалы жұмысшылар мен жұмыс берушілерден басқа ешкімді тексермейміз", - деді Нұрымбетов.

Министр 42 500 теңгенің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатқанын да еске салды. Осы ұйым негізсіз алынған әлеуметтік төлемдерді қайтаруға талап қоя алады.

Жаңалықтар
0