НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кімдерге оразаны кейінге қалдыруға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқи отырыңыз: Ораза кезінде антисептик қолдануға бола ма – мүфтият жауабы
Басқарма төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаровтың айтуынша, Рамазан айында адам аурудың белгілерін байқаса, оразаны тоқтатып, артынан қазасын өтеуіне болады. Ғалымдардың пәтуасы бойынша оразаны тоқтату үшін білікті әрі сенімді мұсылман дәрігерінің кеңесі болуы қажет.
"Ал коронавирусқа байланысты адамның иммунитеті әлсіреп, аурудың белгілері пайда болса, оразасын тоқтатып, басқа күндері өтеуіне рұқсат етіледі", - деді Оңғаров бүгінгі онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде індетпен күресу жолында алғы шепте жүрген мамандар да оразаны артынан өтеп бере алады.
"Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері – ұшқыш, дәрігер және тағы басқа, кенші, металлург сияқты ауыр жұмыс иелері, қауіпті нысанда жұмыс істейтін құрылысшы және тағы басқа адамдар ораза ұстауға шамасы жетпесе, оны кейінге қалдыра алады. Жалпы, дәрігерлер қауымына алғысымыз шексіз. Алла тағала ол кісілерге қуат берсін. Осындай дәрігерлер сияқты ауыр жұмыс істеп жүрген жандар ораза ұстауға шамасы жетпесе, оны кейінге қалдыра алады, яғни басқа уақытта қазасын өтеп бере алады", - деп түсіндірді Оңғаров.