НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теледидар арқылы коронавирусқа қатысты тағы бір үндеу жасайды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Келесі аптада президент теледидар арқылы коронавирусқа қатысты тағы бір үндеу жолдайтынын хабарлаймын", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Ол соңғы кездері Қазақстан президентінің жұмыс кестесі мейлінше өзгергенін атап өтті.
"Елімізде төтенше жағдай енгізілді, осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс кестесі де төтенше жағдай режиміне көшті", – дейді баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы күн сайын үкіметтің, төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің, өңір басшыларының есептерін тыңдайды.
"Жақында ғана президент барлық облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне телефон шалып, шағын және орта бизнесті қолдауға, халықты әлеуметтік қорғауға, көктемгі егіс науқанына және су тасқынына қарсы жұмыстарға байланысты нақты тапсырма берді", – деп толықтырды Берік Уәли.
Ол жуырда түскен ақпараттар негізінде төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданатынын мәлім етті.
"Осы ретте мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы менеджменттен бөлек, стратегиялық жоспарлауға да мән беріп отырғанын есте ұстауымыз керек. Ерте ме, кеш пе, төтенше жағдай бітеді. Содан кейін алдымыздан экономиканың құрылымын қайта қарау міндеті шығады", – деп жазды президенттің баспасөз хатшысы.
Мұнай бағасының бірден құлдырауы экономика мен қаржы секторына реформа жүргізіп, индустрияландыру мен цифрландыруды нақты жүзеге асыру керек екенін көрсетіп отыр, деп жалғастырды ол.
Денсаулық сақтау және білім салаларын да үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы жаңа талаптарға жауап беретін стратегиялық шешімдер әзірлеуді тапсырған.
"Халықаралық байланыстарға келетін болсақ, қазіргі уақытта бұл мәселе негізінен телефон арқылы немесе видео конференция форматында жүріп жатыр. Атап айтқанда, жуырда Еуразиялық экономикалық одақ пен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің саммиті онлайн режимде өтті", – дейді Уәли.
Оқи отырыңыз: Тоқаев елдегі карантинге қатысты жазба жариялады
Ол бір айдың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Израиль мемлекетінің президенттерімен, БҰҰ және Еуропалық одақтың басшыларымен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен телефон арқылы сөйлескенін еске салды.