НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. "Қазгидромет" РМК гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы сәуірдің соңы мен мамыр айында ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"25 сәуірге дейін республиканың барлық дерлік аумағында ауа температурасы жоғары болады. Ал одан кейін орталық және солтүстік өңірлерде түнгі температура -5 градусқа дейін түседі деп болжанып отыр",- деді ол онлайн брифинг барысында.
Синоптиктер мамыр айына да болжам жасады.
Көктемнің соңғы айында елдің оңтүстік-батыс жартысында күн жылы, жауын-шашын аз түседі. Ал солтүстік-шығыс бөлігінде, керісінше, күн салқын әрі жауын-шашын норма шамасында немесе одан көп болады деп күтілуде.
Сонымен қатар, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін барады.
"Ауа температурасының жоғарылауына байланысты тауларда қар ериді деп болжануда. Бұл Алматы облысында қар көшкінінің жүруіне әкеп соғуы мүмкін", деп ескертті Дидар Жәнібекұлы.
Оқи отырыңыз: Бірқатар облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды