НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Екібастұзда лифтіде қораптағы пиццаны қолымен ұстап, оған түкіріп жіберген адам ұсталды. Пиццерия қожайыны 19 жастағы жігітті жұмыстан шығарды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Instagram желісінде тамақ жеткізу қызметінде істейтін жігіттің жаға ұстатарлық әрекеті түсіп қалған видео тарады. Курьер лифтінің ішінде пицца қорабын ашып, тамақты қолымен ұстап, оған түкіріп жіберген.
Осы видео бойынша полицейлер тексеріс жүргізді. Анықталғандай, оқиға 16 сәуірде Екібастұз қаласында болған.
Жас жігітке қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы 6-тармағы бойынша әкімшілік материал толтырылып, Екібастұз қаласының мамандандырылған сотына жіберілді. Бұл бап бойынша ескерту, немесе 10 АЕК айыппұл, не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Полицейлер Сарыағаш саунасында сұмдық істің үстінен түсті
Жас жігіт клиенттерінен кешірім сұрады.
Тапсырыс берушіден курьерге қатысты ешқандай арыз-шағым түспеген.
Пиццерия қожайыны осы оқиғадан кейін жігітті жұмыстан шығарды.