НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Көкшетауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай режиміне қарамастан, моншаға барды. Видео желіде тарап кетті. Лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Желіде департамент қызметкерлерінің "біраз демалуымыз керек" деген видеосы тарап кетті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Полиция 18 cәуір күні сағат 22.30-да рейд жүргізген. Олар "Избушка" монша кешенінде карантин режимін бұзғандарды анықтады.
"Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін "Избушка" монша кешенінің 30 жастағы иесі мен моншада болған жемқорлыққа қарсы агенттік департаментінің қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған хабарламада.
Тәртіп сақшылары шараға қатысқан өзге де адамдарды анықтап жатыр.
Полицейлер карантин режимін сақтау облыстың барша тұрғындарына қатысты екенін атап өтті.