НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Белгілі қоғам қайраткері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораев ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Алматы полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Оның ұсталуына Қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-тармағында (төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату) қарастырылған қылмыс белгілері бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс негіз болды", - делінген хабарламада.
Департаменттің ақпаратынша, Шораев әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан.
Өз әрекетімен Шораев төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, мемлекет пен қоғамның заңмен қорғалатын мүдделеріне едәуір нұқсан келтірді, деп мәлімдеді Алматы полициясы.
Департаменттен хабарлағандай, ол Қарағандыда ұсталған, қазір уақытша ұстау изоляторында. Тергеу жалғасып жатыр.
Тағы оқыңыз: "Мен ондай адам емеспін": Арман Шораев ұлттық кеңестен неге кеткенін айтты
Арман Шораев әртүрлі жылдары жекеменшік және мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеді. Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы, "Хабар" агенттігі" АҚ бас директорының орынбасары, "Коммерциялық телевизиялық канал" АҚ бас директоры, "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
2020 жылдың наурызына дейін президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болды.